Казахстан представил опыт использования данных о миграции животных для сохранения биоразнообразия на КС-17

    1 / 4

    2026 жылғы 19 қазанда Армения Республикасының Ереван қаласында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев Биологиялық алуантүрлілік туралы конвенция тараптарының 17-конференциясы (КС-17) аясында өткен «Сызықтық инфрақұрылымның биоалуантүрлілікке әсерін азайту үшін жануарлардың қозғалысы туралы деректерді пайдалану» атты қосымша іс-шараға қатысты.

    Іс-шараны Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау туралы конвенцияның (CMS) Хатшылығы, UNEP-WCMC, Смитсон институты, WWF және Азия даму банкі ұйымдастырды.

    Қазақстан тарапы өз сөзінде қоныс аударатын жануарлар түрлерін сақтау, инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау кезінде олардың көшу бағыттарын ескеру, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) құру және кеңейту үшін спутниктік мониторингті қолдану тәжірибесін таныстырды.

    Қар барысы мен ақбөкенді сақтау нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстанда қар барысының саны 1990 жылдардағы 80–90 дарақтан 190–200 дараққа дейін өсті. 2021 жылдан бері 16 қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды. Ағымдағы жылғы 19 қазанда Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет «Алтай» деп аталған қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды. Айта кетейік, ұлттық парк трансшекаралық резерваттың құрамына кіреді, ал мұнда мекендейтін қар барыстары трансшекаралық популяцияға жатады.

    Данияр Тұрғамбаев қар барысы мекендейтін аумақтың шамамен 70%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқанын атап өтті. Спутниктік белгілеу деректері ЕҚТА шекараларын ғылыми негіздеу үшін пайдаланылады. Осы деректерді ескере отырып, бірқатар аумақтар кеңейтілді. Алдағы уақытта да осы мәліметтер негізінде ЕҚТА желісін одан әрі кеңейту жоспарлануда.

    2026 жылғы көктемгі әуе санағының қорытындысы бойынша ақбөкен саны 4,6 миллион дарақтан асты. Қазақстанда ақбөкендерді спутниктік белгілеу жұмыстары 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді және жыл сайын белгіленген жануарлар саны артып отыр. Қазақстандық мамандар заман талабына сай жаңа технологияларды қолдануда. Қазіргі уақытта GPS датчиктері орнатылған құлақ сырғаларын пайдалану басталды. Соңғы екі жылда Үстірт популяциясындағы 50-ге жуық ақбөкенге осындай сырғалар тағылды. Алынған деректер миграция бағыттарын және сызықтық инфрақұрылым нысандарының әсерін талдау үшін пайдаланылады.

    Іс-шараға қатысушылар жануарларды бақылаудың заманауи технологияларын қолдану, миграциялық дәліздерді сақтау және инфрақұрылымның биоалуантүрлілікке әсерін азайту тәжірибелерімен алмасты.

    Қазақстан тарапы инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлаудың бастапқы кезеңдерінде, оның ішінде қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында жануарлардың қозғалысы туралы деректерді ескеруді, осы деректердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.

    Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстанның тәжірибесі халықаралық қауымдастыққа таныстырылып, CMS, UNEP-WCMC, Азия даму банкімен, сондай-ақ тұяқты жануарлардың миграциясы атласы мен Move BON желісін қоса алғанда, жануарлар миграциясы туралы деректерге қатысты халықаралық бастамалармен одан әрі өзара іс-қимыл бағыттары айқындалды.

    Қорытындылай келе, Данияр Тұрғамбаев инфрақұрылымды дамыту және жануарлардың миграциялық бағыттарын сақтау ғылыми негізделген шешімдер мен халықаралық ынтымақтастыққа сүйене отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.

    Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті" жаңалықтары