17 қазанда Жетісу облысындағы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде дәстүрлі күзгі «Алтын-Емел – құландар мекені» фестивалі жаңа форматта өтті.
Биылғы шара табиғат, тарих, мәдениет және спортты бір арнаға тоғыстырды.
Фестиваль бағдарламасында тау трейлі, этникалық музыка орындаушыларының концерті, ежелгі петроглифтерге экскурсиялар және ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Қатысушылар үшін ең ерекше сәттердің бірі – Қазақстанның сирек кездесетін жануарларының бірі саналатын құландарды табиғи мекенінде бақылау мүмкіндігі болды.
Фестивальдің басты мақсаты – табиғат пен тарихи-мәдени мұраның өзара байланысын көрсету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және экологиялық туризмді дамыту.
Шараға Алматы, Талдықорған және еліміздің өзге қалаларынан табиғат жанашырлары, сондай-ақ шетелдік қонақтар мен халықаралық БАҚ өкілдері қатысты.
Фестивальді жаңа форматта өткізу бастамасын Qazaq National Parks және «Охотники за петроглифами» қоғамдық қоры көтерді. Ұйымдастырушылар – «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Жетісу облысының әкімдігі, Central Asian Sustainable Tourism Development Foundation және DDA креативті агенттігі.
Мұндай бастамалар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың туристік әлеуетін арттыруға, биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызын насихаттауға және қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Алтын-Емел – табиғат пен тарих үндескен Ұлы даланың бірегей мекені!









