Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды.
Оңтүстік Алтайда алғаш рет жүргізілген бұл жұмыс сәтті аяқталды. Қар барысына «Алтай» деген ат берілді.
Спутниктік қарғыбау арқылы мамандар Алтайдың қай бағытта жүретінін, қандай аумақтарды мекендейтінін және қаншалықты алысқа қозғалатынын бақылайды. Бұл мәліметтер қар барысының тіршілігін зерттеп, оны қорғау жұмыстарын жоспарлау үшін қажет.
Қар барысы көбіне адам бара бермейтін биік тауларда тіршілік етеді. Оны табиғи ортасында бақылау қиын болғандықтан, спутниктік құрылғы зерттеушілерге жануардың қозғалысы туралы нақты деректер алуға мүмкіндік береді.
16 қазанда Ереванда өткен COP17 саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қар барысының саны шамамен 190 дараққа жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұған табиғатты қорғау және ғылыми бақылау жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты.
Қарғыбауды орнатуға Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері Е. Қасымов, Ж. Аманбаев және Зоология институтының мамандары А. Грачев, М. Беспалов, С. Беспалов, С. Сапарбаев қатысты. Аталған жұмыс Pernod Ricard Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Алдағы уақытта спутниктен алынған мәліметтер негізінде Алтайдың жүретін жолдары мен мекендейтін аумақтары зерттеледі. Бұл Оңтүстік Алтайдағы қар барысын қорғау үшін қажет ақпаратты толықтыруға көмектеседі.









