V Азия Пара ойындары: Қазақстан спортшылары үшінші жарыс күнінде 14 медаль жеңді

    V Азия Пара ойындарының үшінші жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары пара садақ атудан, пара оқ атудан, пара үстел теннисінен, пара дзюдодан, пара велоспорттан (трек), пара жүзуден, пара пауэрлифтингтен, арбадағы теннистен, пара таеквондодан, боччадан, волейболды отырып ойнаудан және пара жеңіл атлетикадан сынға түсті. Жарыс күнінің қорытындысы бойынша ел құрамасының қоржынында үш алтын, бес күміс және алты қола медаль бар.

    Пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов Азия Пара ойындарының алтын жүлдесін еншіледі

    Пара нысана көздеуден жарыстар ел құрамасы үшін сәтті басталды. Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтыққа пневматикалық винтовкамен нысана көздеу (R1) сайысында 249,1 ұпай жинап, алтын медаль иеленді. Паралимпиада ойындарыының күміс жүлдегері жарыс рекордын жаңартып, Лос-Анджелес-2028 Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Аталмыш дисциплинада ел намысын 12 спортшы қорғап жатыр. Оның жетеуі бүгін жарыс жолына шығып, нәтижесінде төрт спортшымыз финалдық кезеңде өнер көрсетті.

    Пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев Азия Пара ойындарының рекордын жаңартып, жарыс чемпионы атанды

    Пара пауэрлифтингтен Қазақстан құрамасының спортшылары бір алтын, екі күміс және екі қола медаль иеленді. Ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Давид Дегтярев 192 келіні көтеріп, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Сонымен қатар, Давид Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты. Ал әйелдер арасында 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Тұрсынай Қабыл 104 келіні сәтті көтеріп, жарыстың күміс жүлдегері атанды. 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алина Солодухина 103 келі нәтижемен күміс медаль жеңіп алса, Айжан Берімқұлова 101 келіні көтеріп, қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Станислав Шакиев 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 181 келіні көтеріп, жарыстың қола жүлдегері атанды. Осылайша, пара пауэрлифтингтен бес спортшымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Карибай Ерболат пен Мутунов Фархат жүлдегерлер қатарына іліге алмады.
    Пара дзюдодан Ибрагим Нұрмаханұлы чемпион атанды

    Пара дзюдодан жарыстың алғашқы күнінде жеті татами шебері шықты. Оның төртеуі жүлдеге таласты. Соның ішінде J2 санатында 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ибрагим Нұрмаханұлы финалда өзбекстандық спортшыны жеңіп, алтын медаль иеленді. Ал Альфия Тлекқабыл жарыстың қола жүлдегері атанды. J1 санатында 52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Альфия Қырғызстан өкілінен басым түсті. Қола медаль үшін белдескен Айғаным Жанатбек (J1, 60 кг) индонезиялық спортшыдан жеңілсе, Эльнара Абдиназарова (J1,60 кг) өзбекстандық спортшыға есе жіберді.

    Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы жарысты жеңіспен бастады

    V Азия Пара ойындарының үшінші жарыс күнінде волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрамасы алғашқы кездесуінде Тайланд командасын 3:0 есебімен жеңді. Ұлттық құрама келесі матчын 21 қазанда Иран командасына қарсы өткізеді.

    Қазақстандық пара велошабандоздар екі медаль жеңіп алды

    Әйелдер арасында 4000 метрге жекелей қуу жарысында Калаус Анастасия (стокер) мен Полина Братчикова (пилот) күміс жүлдегер атанды. Ал ерлер арасында дәл осы қашықтықта Кирилл Ильюкевич (стокер) пен Глеб Бруссенский (пилот) қола медаль иеленді.

    Пара таеквондо
    Қазақстан құрамасының атынан Милана Красавцева К44 классында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ол алғашқы кездесуінде Өзбекстан өкілі Умида Мамараджабоваға есе жіберді. Жұбаныш жүлдесі үшін өткен жекпе-жекте Милана ирандық Роза Ибрахимиге 0:2 есебімен жол берді. Осылайша, қазақстандық спортшы V Азия Пара ойындарындағы жарыс жолын аяқтады.
    Боччадан Қуаныш Асқарбеков жеңіске жетті

    Боччадан жекелей сында Қуаныш Асқарбеков Қытай спортшысы Ло Гуаньчжунды 4:3 есебімен жеңді. Әйелдер арасында Итана Шыңғысханова Гонконг өкілі Ю Хиу Ламға 0:6 есебімен есе жіберді. Ерлер арасында Ерхат Алмат Гонконг спортшысы Чау Чанмен кездесіп, 3:3 есебімен тең түсті. Сондай-ақ Азамат Аязбаев Таиланд өкілі Пончок Лапьеннен 0:12 есебімен жеңілсе, Эльмира Мусралиева Гонконг спортшысы Юэнь Чёнға 0:11 есебімен жол берді.

    Айта кетейік, бочча жарысына 22 елден 85 спортшы қатысуда. Қазақстан намысын бес спортшы қорғап жатыр. Жекелей сындағы іріктеу кезеңі 24 қазанға дейін жалғасады. Алда ұлттық құрама спортшылары жұптық және командалық жарыстарда да бақ сынайды.

    Пара жеңіл атлетика: Еламан Жоламан Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері атанды

    V Азия Пара ойындарында пара жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының өкілі Еламан Жоламан күміс медаль жеңіп алды. Ядроны лақтырудан F35 классында өнер көрсеткен ол 12,09 метр нәтижемен екінші орынға ие болды. Ал Өзбекстан өкілі Хусниддин Нурбеков 15,43 метр көрсеткішпен жарыс жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, пара жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Дастан Ордабай T20 санатында 400 метрге жүгіруден 58,10 секунд нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алды. Ақтық жарыс 20 қазанда өтеді.

    Пара үстел теннисінен Әли Махулбеков ширек финалда жеңіске жетті

    V Азия Пара ойындарының үшінші жарыс күнінде пара үстел теннисінен Қазақстан құрамасының он спортшысы өнер көрсетті. Олардың ішінде Әли Махулбеков ширек финалда жеңіске жетті. Ширек финалда Филиппин өкілі Редулла Уилфредті 3:2 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама алды. Сондай-ақ іріктеу кезеңінде Раушан Орынбаева Жапония спортшысы Цунода Сэцуды 3:1 есебімен жеңсе, Аружан Ғиниятова Макао өкілі У Чой Хонгтан 3:1 есебімен басым түсті. Айта кетейік, кеше пара үстел теннисінен Қазақстан спортшылары топтық кезеңде 18 кездесу өткізіп, сегізінде жеңіске жеткен болатын.

    Арбадағы теннистен Қазақстан құрамасының спортшылары жарысты жалғастырады

    Арбадағы теннис бәсекесінде Қазақстан құрамасының өкілдері алғашқы ойындарын өткізді. Ерлер арасындағы жекелей сында Ердәулет Қадымбергенов қытайлық Тайбэй өкілі Ван Вэйсюаньді 7:5, 2:6, 6:3 есебімен жеңіп, екінші айналымға жолдама алды. Евгений Быков та алғашқы кездесуінде Оңтүстік Корея спортшысы Ли Ёнбэні 6:4, 6:2 есебімен ұтты. Ол ширек финалда Тайбэй өкілі Хуан Чу-инмен кездеседі.

    Пара жүзуден Қазақстан құрамасының қоржынында бір күміс және екі қола медаль

    V Азия Пара ойындарының үшінші жарыс күнінде пара жүзуден Қазақстан құрамасының 12 спортшысы жекелей сайыстарда өнер көрсетті. Нәтижесінде Диас Кенжебек күміс , Роман Потапов пен Виктор Волков қола медаль иеленді. Роман Потапов 100 метрге шалқалап жүзуден (S11), ал Виктор Волков 100 метрге еркін стильде жүзуден (S13) жүлдегер атанды.

    Сондай-ақ қазақстандық спортшылар 4×50 метрге кешенді эстафетада төртінші орын алды. Наталья Звягинцева, Әли Тұрғанбеков, Зульфия Ғабидуллина және Сиязбек Далиевтен құралған команда осы бағдарламада ел намысын қорғады.

    Пара садақ ату: Темірлан Сейткамал мен Нұршат Төлеуқасым W1 классында ширек финалға шықты
    Пара садақ атудан W1 классында жекелей сында Қазақстан құрамасының спортшылары Темірлан Сейтқамал мен Нұршат Төлеуқасым іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, ширек финалға жолдама алды. 20 қазанда Темірлан Сейтқамал ширек финалда Таиланд спортшысы Супхават Самутчаякиджбен кездеседі. Ал Нұршат Төлеуқасымның қарсыласы - Оңтүстік Корея өкілі Хам Тэджин.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті" жаңалықтары