Банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру: Қазақстан Республикасының азаматтары қарыздан құтылудыңдұрыс жолын қалай таңдай алады?

    Банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) немесе басқа да кредиторлар алдында берешектің болуы азамат автоматты түрде банкрот деп танылады деген сөз емес.

    Банкроттық туралы заңнамада нақты талаптар белгіленген. Сондықтан өтініш бермес бұрын азамат өзінің осы талаптарға сәйкестігін тексеріп алғаны жөн.

    Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті банкроттық қарыз мәселесін шешудің жалғыз жолы емесекенін түсіндіреді. Тұрақты табысы бар және берешегін біртіндеп өтеуге мүмкіндігі бар азаматтар үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қарастырылған.

    Қазақстан Республикасының заңнамасында үш рәсім көзделген:

    1. Соттан тыс банкроттық;
    2. Сот арқылы банкроттық;
    3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

    Соттан тыс банкроттық

    Бұл рәсім банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық ұйымдар алдындағы берешек бойынша қолданылады. Соттан тыс банкроттық рәсіміне қойылатын талаптар:

    • қарыздың жалпы сомасы 1 600 АЕК-тен аспауы тиіс;
    • тіркелген мүлкі, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлкі болмауы тиіс;
    • берешек үздіксіз 12 ай бойы өтелмеген болуы тиіс;
    • кредитормен берешекті реттеу рәсімі міндетті түрде жүргізілуі тиіс;
    • соңғы 7 жыл ішінде азаматқа қатысты банкроттық рәсімі қолданылмаған болуы тиіс. Өтініш беру тәсілдері: өтінішті eGov.kz порталы, eGov Mobile мобильді қосымшасы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы беруге болады.

    Сот арқылы банкроттық

    Бұл рәсім тек сот арқылы жүргізіледі және заңнамада көзделген жағдайларда, оның ішінде берешек сомасы 1 600 АЕК-тен асқан кезде қолданылады.

    Сот арқылы банкроттықтың ерекшеліктері:

    • соттан тыс банкроттықтан айырмашылығы - бұл рәсімде банктер мен МҚҰ алдындағы берешекпен қатар басқа да кредиторлар алдындағы, мысалы, салықтық берешек те қарастырылады;
    • міндеттемелерді өтеу мақсатында борышкердің мүлкі сатылуы мүмкін;
    • мемлекеттік баж төлеу және қаржы басқарушысының қызметіне ақы төлеу көзделген.

    Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

    Бұл рәсім тұрақты табысы бар және қарызын біртіндеп өтеуге мүмкіндігі бар азаматтарға арналған.

    Негізгі артықшылықтары:

    • азамат банкрот мәртебесін алмайды;
    • сот қарызды өтеудің 5 жылға дейінгі жеке жоспарын бекіте алады. Азамат қарыздарын осы жоспарға сәйкес өтейді.

    Банкроттықтан кейінгі салдарлар мен шектеулер

    Азамат банкрот деп танылғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес мынадай шектеулер қолданылады:

    • 5 жыл бойы жаңа банктік қарыздар мен микрокредиттер алуға болмайды;
    • банкроттық рәсімін қайта қолдануға тек 7 жылдан кейін жол беріледі;
    • 3 жыл бойы мемлекет тарапынан азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

    Ең бастысы - өз табысыңыз бен қаржылық мүмкіндігіңізді шынайы бағалап, жағдайыңызға сәйкес рәсімді дұрыс таңдау. Бұл қарыз мәселесін заң аясында шешуге және болашақта артық қаржылық қиындықтардың алдын алуға көмектеседі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары