19 қазанда Бескөл ауылында Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов VIII шақырылым аудандық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Іс-шараға аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақыт Бәукенов, сондай-ақ аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
Кездесу барысында Бейбіт Исманов депутаттар корпусына адал еңбегі, белсенді азаматтық ұстанымы және ауданның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Өз өкілеттіктері кезеңінде депутаттар Қызылжар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, елді мекендерді абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын дамыту мәселелеріне назар аударды.
Депутаттық қызметтің маңызды бағыттарының бірі халықпен жұмыс болды. Депутаттар азаматтарды жеке қабылдап, ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді зерделеді және шешу жолдарын қарастыру үшін атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасады.
Сонымен қатар мәслихат депутаттары аудан үшін маңызды жобалардың іске асырылу барысын бақылауға қатысты. Олардың қатарында Бескөл ауылындағы хоккей корты мен 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бар. Сондай-ақ сумен жабдықтау, абаттандыру және спорт инфрақұрылымын дамыту мәселелері де назарда болды.
«Барлығымызды Қызылжар ауданының тұрғындары игілігі үшін еңбек ету деген ортақ міндет біріктірді. Конструктивті диалог, бастамашылдық танытып, күрделі мәселелерді шешуге атсалысуға дайын болғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Депутаттық өкілеттіктің аяқталуы қоғамдық жұмыстың аяқталғанын білдірмейді. Сіздердің тәжірибелеріңіз, білімдеріңіз бен белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз алдағы уақытта да туған өлкеміздің дамуына қызмет ете алады», – деді Бейбіт Исманов.
Атқарылған жұмыстары үшін ризашылық білдіру мақсатында аудан әкімі депутаттарға алғыс хаттар табыс етті.









