Кредиторлар, банктер, микроқаржы ұйымдары алдындағы және басқа да қарыздары бар азаматтар банкроттық рәсімін пайдалана алады.
Заңнамада екі негізгі тетік көзделген: соттан тыс және сот арқылы банкроттық.
Соттан тыс банкроттық — банктер, МҚҰ және коллекторлар алдындағы қарыздарға қолданылады (ломбардтар 2026 жылғы наурыздан бастап алып тасталған).
Талаптар:
• Жиынтық қарыз — 1 600 АЕК-тен аспауы тиіс, 2026 жылы бұл 6 920 000 теңгеден аспайды.
• Тіркелген жеке немесе ортақ мүліктің болмауы. Қарыз мерзімі 5 жылдан асқан жағдайда бұл талап қолданылмайды.
• Қатарынан 12 ай бойы төлемдердің болмауы. Соңғы 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алған тұлғаларға бұл мерзімге қойылатын талап қолданылмайды.
• Кредитормен қарызды реттеу рәсімдері жүргізілген болуы тиіс. Бұл талап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған шарттарға қолданылмайды.
• Соңғы 7 жыл ішінде банкроттық рәсімі қолданылмаған болуы тиіс.
Өтініш беру және мерзімдер:
• Өтініштер eGov.kz порталы, eGov Mobile қосымшасы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ бөлімшелері (ХҚКО) арқылы беріледі.
• Рәсімнің мерзімі — 6 ай.
• Жеделдетілген мерзім — 1 ай — егер қарыз 1 600 АЕК-тен аз болып, 5 жыл бойы өтелмеген жағдайда.
Сот арқылы банкроттық — соттан тыс тәртіптің талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, сотқа өтініш беру арқылы қолданылады.
Талаптар:
• Қарыз 1 600 АЕК-тен жоғары (6 920 000 теңгеден астам).
• Банктер, МҚҰ, жеке тұлғалар алдындағы қарыздар, салық берешегі және басқа да қарыздар есептен шығарылады.
• Қатарынан 12 ай бойы төлемдердің болмауы.
• Сотқа өтініш берген кезде мемлекеттік баж (0,3 АЕК / 1 297,5 ₸) төленеді және қаржы басқарушысының қызметтері төленеді (айына 1 ЕТЖ / 85 000 ₸; мүлкі жоқ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін — бюджет қаражаты есебінен).
Банкроттықтың салдары
• 5 жыл — жаңа кредиттер мен микрокредиттер алуға тыйым салынады.
• 7 жыл — банкроттық рәсімін қайта қолдану мүмкін емес.
• 3 жыл — азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру — «банкрот» мәртебесін алмай-ақ банкроттыққа балама рәсім. Ол тұрақты табыс болған немесе мүлік құны қарыз сомасынан асқан жағдайда қолданылады.
Шарттары мен тәртібі:
• Өтініш тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
• Қалпына келтіру жоспарын сот 5 жылға дейінгі мерзімге бекітеді.
• Шаралар: бөліп төлеу, мөлшерлемелерді төмендету, қарыздың/өсімпұлдың бір бөлігін есептен шығару, мүлікті сату немесе айырбастау.
• Артықшылықтары: пайыздар мен айыппұлдарды есептеу тоқтатылады, мүлікке қойылған тыйымдар алынады.
• Шектеулер: жаңа қарыздар алуға және жоспардан тыс мүлікті сатуға тыйым салынады.
• Орындау: жеке тұлға өз бетінше жүзеге асырады; талаптар орындалмаған жағдайда борышкер сот арқылы банкроттық рәсіміне көшеді.









