Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті·Жаңалықтар мұрағаты
1 / 22
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Орман шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Орман – еліміздің баға жетпес табиғи байлығының бірі. Оны сақтау және молайту – орман шаруашылығы қызметкерлерінің мойнындағы үлкен жауапкершілік.
Орман шаруашылығы саласында еңбек ету үшін мамандық игеру ғана жеткіліксіз. Бұл жұмыс табиғатқа деген сүйіспеншілікті, төзімділікті, жауапкершілікті және күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді. Оның нәтижесі кейде жылдар өткен соң ғана көрінеді. Бүгін отырғызылған жас көшет ертең үлкен ағашқа айналуы, ал қалпына келтірілген орман келер ұрпаққа мұра болып қалуы тиіс.
Соңғы жылдары Қазақстанның орман шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында бүгінгі күнге дейін 1,8 миллиардқа жуық көшет отырғызылды.
Арал теңізінің құрғаған табанында 1,1 миллион гектардан астам аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында бұл аумақтарда тұз бен құмның таралуын тежеуге, Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал ететін сексеуіл алқаптары қалыптасып келеді.
Ормандарды өрттен қорғау шаралары да күшейтілуде. Орман және табиғат қорғау мекемелері жаңа өртке қарсы және орман шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етілуде. Өрт ошақтарын дер кезінде анықтап, оларды жедел сөндіруге мүмкіндік беретін заманауи ерте анықтау жүйелері енгізілуде.
Орман тұқымбақтарының желісі дамып, жабық тамыр жүйесі бар көшеттерді өсіруге арналған кешендер құрылуда. Астана қаласының айналасындағы жасыл белдеуді кеңейту, ормандарды қалпына келтіру және еліміздің орманды алқаптарын ұлғайту жұмыстары жалғасуда.
Осы орайда ғалымдарымызға ерекше алғыс білдіргім келеді. Олардың ғылыми зерттеулері ормандардың жай-күйін бағалауға, орманды қалпына келтіру, көшет өсіру, өрт пен зиянкестерден қорғау әдістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ғылым мен орман шаруашылығының өзара ынтымақтастығы ғылыми жетістіктерді тәжірибеде тиімді қолдануға жол ашады.
Сонымен қатар ормандарды қалпына келтіру мен сақтауға инвестиция тартудың қосымша мүмкіндіктерін ашатын орман көміртегі жобалары сияқты жаңа бағыттар дамуда.
Қазақстан ұсынған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы шөлейттенуге қарсы күресуге, қорғаныш орман екпелерін қалыптастыруға, шаңды және құмды дауылдардың әсерін азайтуға бағытталған.
Осы жетістіктердің барлығының артында, ең алдымен, сіздердің қажырлы еңбектеріңіз тұр.
Біз сіздердің жұмыстарыңыздың қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін жақсы білеміз. Сіздер аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан, ауа райының кез келген жағдайында, кейде отбасы мен жақындарыңыздан жырақта еңбек етесіздер. Өрт қаупі жоғары кезеңде орманды қорғауға алғашқылардың бірі болып аттанып, кейде өз өмірлеріңізді қатерге тігесіздер. Әрбір өсірілген ағаштың, сақталған әрбір гектар орманның артында сіздердің маңдай терлеріңіз бен жылдар бойғы тынымсыз еңбектеріңіз жатыр.
️ Сала қызметкерлерінің барлығына кәсібиліктері, төзімділіктері және өз істеріне деген адалдықтары үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Қадірлі ардагерлерімізге айрықша ризашылығымды жеткізгім келеді. Сіздер саналы ғұмырларыңызды орман шаруашылығына арнап, табиғи байлығымызды сақтауға зор үлес қостыңыздар. Жинақтаған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді, табиғатқа деген жанашырлықтарыңызды жас ұрпаққа жеткіздіңіздер. Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым зор құрметке лайық.
Қымбатты әріптестер! Орманды шын жүрегімен сүйетін, өз ісіне жан-тәнімен берілген сіздердей азаматтармен бірге еңбек ететінімді мақтан тұтамын.
Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, бақыт пен бақ-береке тілеймін. Шаңырақтарыңыздан жылулық пен татулық кетпесін, ал еңбектеріңіз әрдайым қуаныш сыйлап, лайықты бағасын алсын! Адал еңбектеріңіз, төзімділіктеріңіз және туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктеріңіз үшін алғыс айтамын!
Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті орманшылар! Орман шаруашылығы қызметкерлері күні құтты болсын! Данияр Тұрғамбаев Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы









