Бүгін Аққулы ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ата-ана мен педагог арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті арттыруға бағытталған тағылымы мол «Шәй үстіндегі тәрбие» форматында мазмұнды шара өтті.
Ізгілік пен өнегені, ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиені арқау еткен кездесуге 50-ге жуық ата-ана, ата-аналар клубтарының мүшелері мен педагогтер қатысты. Шараның басты мақсаты – бала тәрбиесіндегі отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту, ата-аналардың тәрбиелік әлеуетін арттыру және тәжірибе алмасуға қолайлы орта қалыптастыру.
Қазақ халқы үшін дастарқан басындағы әңгіме – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тәрбиенің ерекше мектебі. Шәй үстінде айтылған өнегелі сөз, үлкеннің ақылы, өмірлік тәжірибесі мен жүрекжарды әңгімесі жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіруге ықпал етеді. Осы ұлттық дәстүрді заманауи тәрбие тәсілдерімен ұштастырған кездесу қатысушыларға ой бөлісуге, өзара пікір алмасуға және бала тәрбиесіндегі маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Шара барысында ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас, отбасындағы сыйластық пен түсіністік, ұлттық тәрбие, балаға қолдау көрсету және мектеппен бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығы сынды өзекті тақырыптарға басымдық берілді. Қатысушылар бала тәрбиесінде мейірімнің, жылы сөздің, шынайы қарым-қатынастың және жеке үлгінің орны ерекше екенін атап өтті.
Кездесудің маңызды бөлігі – ата-аналар клубтарының тәжірибесін таныстыруға арналды. Шара соңында әрбір ата-аналар клубы, сондай-ақ «Аққу» және «Мирас» клубтары арнайы ұйымдастырылған көрме арқылы өз жұмыстарының нәтижелерін таныстырды. Көрмеде клубтардың атқарған жұмыстары, жүзеге асырған бастамалары мен тәрбиелік бағыттағы іс-шаралары көрініс тапты. Бұл өзара тәжірибе алмасуға, тиімді жұмыс үлгілерін насихаттауға және алдағы міндеттерді айқындауға жол ашты.
Мұндай кездесулер ата-аналардың мектеп өміріне белсенді араласуына, педагогтермен өзара сенімді байланыс орнатуына және бала тәрбиесіндегі ортақ ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені саналы ұрпақ тәрбиелеу – тек мектептің немесе отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
«Шәй үстіндегі тәрбие» – жай ғана кездесу емес, бұл жүректерді жақындастыратын, ой бөлісуге жетелейтін, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты бекемдейтін тәрбиелік алаң.
Балаға берілетін ең үлкен тәрбие – ата-ананың өнегесі, отбасының жылуы мен қоғамның қолдауы. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, ұрпақ тәрбиесіндегі бірлік пен ынтымақтастықты нығайта берсін!









