Бүгін А. Баймұлдин атындағы орта мектептің базасында Аққулы ауданының білім беру ұйымдары арасында аудандық «Адал ұрпақ» байқауы өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту және азаматтық ұстанымын нығайту.
Байқауға аудан мектептерінің оқушыларынан құралған командалар қатысып, өздерінің білімдерін, шығармашылық қабілеттерін және көшбасшылық қасиеттерін көрсетті. Қатысушылар тапсырмаларды орындау барысында ұйымшылдықтарын, тапқырлықтарын және өз ойларын еркін жеткізе білу дағдыларын танытты.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде командалар агитбригада өнерін көрсетіп, адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттады. Екінші кезеңде қатысушылар цифрлық презентация арқылы өз идеяларын ұсынып, заманауи технологияларды тиімді қолдану қабілеттерін көрсетті. Ал үшінші кезеңде командалар капитандары арасында баттл ұйымдастырылып, олардың шешендік шеберлігі, жылдам ойлау қабілеті мен өз ұстанымын дәлелдей білуі сынға түсті.
Әр кезең қатысушылардың жан-жақты дайындықтарын, шығармашылық ізденістерін және командалық жұмыс дағдыларын айқындауға мүмкіндік берді. Оқушылар өз өнерлері мен білімдерін ортаға салып, адал азамат болудың маңыздылығын терең түсінетіндіктерін көрсетті.
«Адал ұрпақ» байқауы – жас буынның бойында адамгершілік құндылықтарды орнықтырып, әділдік пен адалдықты өмірлік ұстанымға айналдыруға бағытталған маңызды тәрбиелік шара. Өйткені адалдықты ту еткен ұрпақ – ел болашағының берік негізі.
Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттырып, қоғамда адалдық пен парасаттылық қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.







