Бородулиха ауданында су құбыры жаңартылды

    1 / 4

    Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында су құбырындағы апаттық жағдайлардың алдын алу және сумен жабдықтау сапасын жақсарту мақсатында магистральдық желінің 2,5 шақырымы ауыстырылды.

    Жаз мезгілінде ауылда су беруде үзіліс болып, әсіресе елді мекеннің таулы жағында тұратын тұрғындар қиындыққа тап болған еді. Су тұтыну көлемінің артуы және маусым айында магистральдық құбырда бірнеше рет апаттың орын алуы жағдайды күрделендірді.

    Петропавловка ауылын сумен қамтамасыз ететін «Белағаш топтық су құбыры» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының магистральдық желісі 2000 жылы пайдалануға берілген. Ұзындығы 27 шақырым болатын су құбыры алты елді мекенді сумен қамтиды. Атап айтқанда, Зенковка, Орловка, Шелехово, Жаңа-Ауыл, Петропавловка және Зубаир ауылдары. Қазіргі уақытта желінің бірқатар учаскесі тозғандықтан, апаттық жағдайлар мен су шығыны жиілеген.

    Облыс әкімі Берік Уәлидің қолдауымен магистральдық су құбырының ең проблемалы учаскесін жөндеуге қаржы бөлінді.

    Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында Зенковка ауылынан Петропавловка ауылы бағытындағы тозығы жеткен құбырдың 2,5 шақырымы ауыстырылды.

    Жаңартылған учаске су шығынын азайтып, құбырдағы апаттық жағдайлардың қайталану қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Қыркүйек айының ортасынан бастап Петропавловка ауылының барлық бөлігінде су тәулік бойы беріліп келеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары