Сырттай-проактивті куәландырудың негізгі кезеңдері
1. Медициналық құжаттарды дайындау
Азаматты медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберуге тиісті негіздер болған жағдайда емдеуші дәрігер №031/у нысанындағы электрондық қорытындыны рәсімдейді.
Аталған құжатқа бейінді мамандардың қорытындылары, медициналық тексерулердің нәтижелері, жүргізілген емдеу және оңалту шаралары туралы мәліметтер, сондай-ақ сараптама жүргізуге қажетті өзге де медициналық деректер тіркеледі.
2. Азаматтың келісімін алу
Сырттай-проактивті куәландыру рәсімін жүргізудің міндетті шарттарының бірі – пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімін алу.
3. Құжаттарды электрондық жүйе арқылы жолдау
Медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы №031/у нысанындағы қорытындыны бекіткеннен кейін барлық қажетті құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерге электрондық түрде жолданады.
4. МӘС актісінің электрондық жобасын әзірлеу
Ақпараттық жүйелерге келіп түскен медициналық мәліметтер негізінде медициналық-әлеуметтік сараптама актісінің электрондық жобасы автоматты түрде қалыптастырылады.
Бұл кезеңде азаматтың жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін, яғни дербестендірілмеген мәліметтер қолданылады. Мұндай тәсіл сараптамалық бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
5. Медициналық-әлеуметтік сараптамалық бағалау
Ұсынылған медициналық құжаттар МӘС сарапшыларының қатысуымен алқалы түрде қаралады.
Сараптамалық бағалау барысында азаматтың денсаулық жағдайы, организм функцияларының бұзылу дәрежесі және тіршілік-әрекетінің шектелуі ескеріледі.
6. Сараптамалық шешім қабылдау
Медициналық құжаттарды жан-жақты зерделеу және сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша тиісті қорытынды қабылданады.
Азамат куәландыру нәтижесі туралы қалай хабардар болады?
Қабылданған шешім медициналық ұйымға электрондық түрде жолданады. Сонымен қатар пациентке немесе оның заңды өкіліне куәландыру нәтижесі туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
Назар аударыңыз!
Сырттай-проактивті куәландыру барлық азаматтарға бірдей қолданылмайды. Бұл рәсім ауруы сырттай куәландыруға рұқсат етілген нозологиялық нысандардың белгіленген тізбесіне сәйкес келетін жағдайларда ғана жүзеге асырылады.
Сырттай-проактивті куәландырудың басты ерекшелігі – азаматтың МӘС бөліміне жеке келу қажеттілігін болдырмай, медициналық құжаттар негізінде сараптамалық бағалау жүргізуге мүмкіндік беруі.









