Бүгін, 17 қазанда Ақтау қаласында бірегей жоба - Bilim & Science студенттік зерттеу орталығы ашылды. Ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Орталықтың негізгі мақсаты - жас зерттеушілердің ғылыми және шығармашылық әлеуетін арттыру, ғылыми жобаларды қолдау арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.
Ашылу рәсімінде саяси ғылымдар докторы, профессор, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Киікбай Жаулин сөз сөйлеп, жаңа орталықтың білім мен ғылымды дамытудағы маңызын атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жаңа технологиялық білімді меңгеруге ерекше мән беру қажеттігін, осындай орталықтардың әр өңірде ашылуы керек екенін атап өтті. Білім бар жерде ғылым бар, ғылым бар жерде білім бар. Өңір басшысы Нұрдәулет Игілікұлының жастарды қолдауға, білім мен ғылымды дамытуға бағытталған бастамаларға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өткен жөн. Алдағы уақытта мұнда ғалымдар, ғылым докторлары, профессорлар мен академиктер бас қосып, жастардың ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосады деп сенемін, - деді Киікбай Жаулин.
Жалпы ауданы 3 мың шаршы метрлік бес қабатты ғимарат 250 адамға арналған. Мұнда 15 оқу кабинеті, заманауи конференц-залдар, асхана және өңірлерден келетін жас зерттеушілерге арналған 20 орындық қонақүй үлгісіндегі жатын орын қарастырылған. Орталықтағы оқу бағдарламалары тегін жүргізіледі.
Орталық бакалавриат студенттеріне, магистранттар мен PhD докторанттарға арналған. Мұнда жастар ғылыми жобаларын әзірлеп, стартаптарын дамытып, жаңа идеяларын тәжірибе жүзінде сынай алады. Сонымен қатар студенттердің жобаларын инвесторларға таныстыруға және оларды нақты нәтижеге бағыттауға мүмкіндік бар.
Bilim & Science студенттік зерттеу орталығы жаратылыстану-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және педагогикалық-шығармашылық бағыттар бойынша жұмыс істейді.
Орталық қызметінің негізгі бағыттарына республикалық және халықаралық конференциялар, ғылыми-шығармашылық форумдар, интеллектуалдық академиялық сайыстар мен марафондар ұйымдастыру кіреді. Сондай-ақ үздік жобалар мен стартаптарды қолдауға арналған акселерациялық бағдарламалар өткізіліп, жас зерттеушілерге стипендиялық қолдау көрсету жүйесі жетілдіріледі. Бұдан бөлек, мектеп оқушыларының ғылымға қызығушылығын арттыруға және әлеуметтік осал топтарға жататын жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылады.
Орталық директоры Марат Ұлықпановтың айтуынша, алдағы уақытта ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, ғалымдар мен академиктерді шақырып, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар еліміздің ірі қалаларындағы жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдарымен байланыс орнатып, болашақта шетелдік ғалымдарды да орталық жұмысына тарту көзделген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









