Ақтауда дзюдодан Азия ашық кубогы басталды

    1 / 6

    Ақтау қаласында Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ерлер мен әйелдер арасындағы дзюдодан Азияның ашық кубогы өтіп жатыр. Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.

    Турнирге әлемнің жеті елінен 200-ге жуық спортшы қатысуда. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген додада Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Черногория, Ресей және Өзбекстан спортшылары бақ сынап жатыр. Қатысушылар қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен тәжірибелі дзюдошылар бар.

    Турнирдің алғашқы күнінде Париж Олимпиадасының чемпионы, Өзбекстан өкілі Диёра Келдиёрова алтын медаль жеңіп алды. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы финалдық белдесуде қарсыласынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.

    Маңғыстау облысы дзюдо федерациясының құрметті президенті Асылбек Жолдыбаевтың айтуынша, турнир қорытындысы бойынша спортшыларға әлемдік рейтинг ұпайлары беріледі. Атап айтқанда, алтын медаль иегерлері 100, күміс жүлдегерлер 70, ал қола жүлдегерлер 50 рейтингтік ұпайға ие болады. Бұл спортшылар үшін халықаралық рейтингтегі орнын жақсартуға және алдағы ірі жарыстарға дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

    Айта кетейік, Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азияның ашық кубогы 18 қазан күні Ақтаудағы «Халық Арена» спорт кешенінде жалғасады.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары