ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегация Орал қаласындағы мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығына барды. Кездесуге Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Мұқаев та қатысты.
Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тегін медициналық оңалту және әлеуметтік-педагогикалық қызметтер көрсетіледі. Емдеу мекемесі жүзу бассейні, массаж, сенсорлық, Монтессори, еңбек терапиясы, стоматология кабинеттері және спорт залымен жабдықталған.
Бұған дейін мұндай қызметтерді алу үшін өңір тұрғындары Астана мен Алматы қалаларына баруға мәжбүр болатын. Қазір қажетті ем-шараларды облыс орталығында қабылдауға мүмкіндік жасалған.
Халық Кеңесінің Төрағасы мен мүшелері мекеменің материалдық-техникалық базасын көріп, мамандармен тілдесті. Оңалту шараларының қолжетімділігі, көрсетілетін қызмет сапасы және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударылды.









