Медициналық ұйымдарда несеп шығару жолдарының инфекцияларының алдын алу маңызды

    Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті медициналық ұйымдарда несеп шығару жолдарының ауруханаішілік инфекцияларының алдын алу және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттігін еске салады.
    Несеп шығару жолдарының инфекциялары (НШЖИ) – несеп шығару жүйесінің әртүрлі бөліктерін, атап айтқанда, несеп шығару өзегін, қуықты, несепағарларды және бүйректі зақымдайтын инфекциялық аурулар тобы. Қабыну үдерісінің орналасуына байланысты уретрит, цистит және пиелонефрит дамуы мүмкін.
    Несеп шығару жолдарының инфекцияларын қоздыратын кең таралған микроорганизмдердің бірі – ішек таяқшасы (Escherichia coli). Ол қалыпты жағдайда адамның ішегінде тіршілік етеді. Алайда несеп шығару жолдарына түскен жағдайда инфекциялық аурудың дамуына себеп болуы мүмкін.
    Медициналық манипуляциялар, хирургиялық араласулар және несеп катетерін ұзақ уақыт пайдалану ауруханаішілік инфекцияның даму қаупін арттырады. Бұдан бөлек, қосалқы аурулардың болуы және инфекциялық бақылау талаптарының бұзылуы да қауіп факторларына жатады. Сондықтан медицина қызметкерлерінің қол гигиенасын сақтауына, медициналық бұйымдарды дұрыс қолдануына және оларға тиісті күтім жасауына ерекше назар аудару қажет.
    Ауруханаішілік инфекциялардың алдын алудың негізгі шарты – санитариялық-эпидемиологиялық режим талаптарын қатаң сақтау. Медициналық ұйымдарда дезинфекциялау жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу, медициналық бұйымдарды стерильдеу алдындағы тазартудан өткізу және стерильдеу талаптарын орындау, сондай-ақ асептика мен антисептика қағидаларын сақтау қажет.
    Несеп катетерлері тек медициналық көрсетілімдер бойынша орнатылып, оларды күту талаптары қатаң сақталуы тиіс. Катетерді қолдану қажеттілігі жойылған жағдайда оны мүмкіндігінше уақтылы алып тастау қажет.
    Инфекциялық бақылау талаптарын жүйелі түрде орындау ауруханаішілік инфекциялардың даму қаупін төмендетуге, ықтимал асқынулардың алдын алуға және пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары