Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балаларды, әсіресе сәбилерді, көкжөтелден қорғау үшін профилактикалық шараларды сақтап, екпелерді уақытылы алудың маңызын еске салады.
Көкжөтел – тыныс алу жолдарын зақымдайтын, адамнан адамға оңай жұғатын жұқпалы ауру. Оның бастапқы белгілері кәдімгі суық тиюге ұқсас болғандықтан, ауруды дер кезінде анықтау қиынға соғуы мүмкін. Ал кейін жөтел күшейіп, ұстама түрінде пайда болады. Мұндай кезде құсу мен тыныс алудың қиындауы байқалуы ықтимал. Сәбилерде көкжөтел кейде айқын жөтелсіз өтіп, тыныс алудың уақытша тоқтауына әкелуі мүмкін.
Көкжөтелден қорғанудың негізгі жолы – вакцинацияны уақытылы жүргізу. Қазақстанда көкжөтелге қарсы жоспарлы екпелер бала 2, 3 және 4 айға толғанда салынады. Қайта егу 18 айында және 6 жасында жүргізіледі.
Ата-аналар екпе күнтізбесін сақтап, баланың жоспарлы вакцинациядан уақытында өтуін қадағалауы қажет. Егер қандай да бір екпе уақытында салынбаса, әрі қарайғы егу мерзімдерін анықтау үшін тіркелген емханаға жүгінген жөн.
Жөтел ұзаққа созылса, ұстама түрінде байқалса немесе жөтелден кейін құсу пайда болса, дәрігерге қаралу қажет. Ал баланың тыныс алуы қиындаса немесе ерні көгерсе, шұғыл медициналық көмек шақыру керек.
Жұқпаның таралу қаупін азайту үшін қол және жөтел гигиенасын сақтау, бөлмені жүйелі түрде желдету, науқас адамның айналасындағылармен, әсіресе сәбилермен, жақын қарым-қатынасын шектеу маңызды.
Департамент ата-аналарды балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жоспарлы екпелерді уақытылы алуға шақырады.








