Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – екпені уақытылы алудың маңыздылығын еске салады.
Вакцинация ағзаның белгілі бір инфекцияларға қарсы иммундық қорғанысын қалыптастырып, ауруды жұқтыру, оның ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетеді. Сонымен қатар екпе жұқпалы аурулардың таралуын тежеуге және халықтың осал топтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда бірқатар жұқпалы ауруға қарсы екпе Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Сенімді иммундық қорғаныс қалыптастыру үшін екпені белгіленген мерзімде алып, қайта егу уақытын сақтау маңызды. Егер екпе алу мерзімі өтіп кетсе, алдағы вакцинация кестесін анықтау үшін медициналық ұйымға жүгіну қажет.
Екпе алдында медицина қызметкері адамның денсаулық жағдайын бағалап, вакцинацияға қатысты көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескереді.
Департамент Ақмола облысының тұрғындарын өз денсаулығы мен жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарап, екпені уақытылы алуға және профилактикалық иммундау жөніндегі ақпаратты ресми дереккөздерден білуге шақырады.
Вакцинация – жеке денсаулықты нығайтуға, отбасы амандығын сақтауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған маңызды үлес.









