Транс майлар: адам денсаулығына төнетін жасырын қауіп

    Дұрыс тамақтану – денсаулықты сақтаудың маңызды шарты. Алайда күнделікті тұтынатын кейбір тағамдардың құрамында ағзаға зиянды транс майлар болуы мүмкін. Осыған орай, Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды тағам өнімдерін таңдауда мұқият болып, олардың құрамына назар аударуға шақырады.
    Транс майлар дегеніміз не?
    Транс майлар – құрамында транс-конфигурациялы май қышқылдары бар майлар. Олардың өнеркәсіптік түрі сұйық өсімдік майларын ішінара гидрогендеу арқылы алынады. Бұл тәсіл өнімнің сақтау мерзімін ұзарту және құрылымын өзгерту үшін қолданылады.
    Денсаулыққа қандай қауіп төндіреді?
    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, транс майларды тұтыну қандағы зиянды холестерин деңгейін жоғарылатып, пайдалы холестерин мөлшерін төмендетеді. Соның салдарынан жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупі артады. ДДҰ деректеріне сәйкес, транс майларды тұтыну жүректің ишемиялық ауруына шалдығу қаупін 21%-ға, ал осы аурудан болатын өлім қаупін 28%-ға арттыруы мүмкін.
    Қандай өнімдердің құрамында кездеседі?
    Өнеркәсіптік транс майлар кейбір кондитерлік өнімдердің (печенье, вафли, торттар), фастфудтың, қатты майға қуырылған тағамдардың, маргариндер мен спредтердің, чипстер және крекерлердің құрамында болуы мүмкін. Олардың мөлшері өнімнің дайындалу тәсіліне байланысты өзгеретіндіктен, қаптамадағы құрамын мұқият тексерген жөн.
    Қалай сақтануға болады?
    * Фастфуд пен қатты майға қуырылған тағамдарды тұтынуды шектеңіз.
    * Қатты майлардың орнына сұйық өсімдік майларын таңдаңыз.
    * Өнім құрамынан «ішінара гидрогенделген майлар» деген жазуды іздеңіз.
    * Көкөністерді, жеміс-жидектерді және тұтас дәнді дақылдарды күнделікті ас мәзіріне қосыңыз.
    Денсаулықты сақтау саналы таңдаудан басталады. Транс майларды тұтынуды барынша азайтып, дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастыру – жүрек саулығын қорғаудың маңызды қадамы.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары