Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің ақпарат саласына жауапты министрлері және жоғары лауазымды тұлғалары 8-ші отырысқа жиналды.
Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Медиаконтент дайындау орталығының директоры Кобулжон Ахмедов, Түркия Республикасы Президентінің Коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары Ферхат Пиринччи, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары Салкын Сарногоева және Әзербайжан Республикасының БАҚ және хабар тарату кеңесі Халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Расим Багиров қатысты.
Отырыста Қанат Ысқақов заманауи технологиялардың медиа саласына ықпалына тоқталып, ақпарат кеңістігіндегі өзекті сын-қатерді атап өтті.
«Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы медиа саласын, ақпарат тарату тәсілдерін және аудиториямен байланыс орнату жолдарын түбегейлі өзгертуде», – деді Қанат Ысқақов.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктерге жол ашумен қатар, бұрыннан бар қауіп-қатерді де күшейтіп отыр. Қазір шынайы бейне, сурет пен дыбыс жазбасынан қиын ажыратылатын жалған материалдарды жасауға көп қаражат қажет емес. Мұндай жағдайда жалған ақпараттың таралуымен бірге, шынайы ақпарат көздеріне деген сенімнің төмендеуі де өзекті мәселеге айналып отыр.
Қатысушылар дипфейкті анықтау, ақпараттың шынайылығын жедел тексеру, ұлттық ақпарат агенттіктерінің байланысын нығайту, сондай-ақ журналистерді жаңа технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру мәселелерін талқылады.
Отырыс жыл сайын медиа саласының өкілдері мен түрлі сала сарапшылары қатысатын Astana Media Week халықаралық медиафорумы аясында өтті.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар ортақ коммюникеге қол қойды. Келесі, 9-шы отырыс Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте өтетін болды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









