«Оймаша» полигонында 25744 әскери бөлімінің аумағында «Жылдам маневр жасау бойынша үздік жүргізуші» байқауы өтті.
Іс-шара өрт сөндіру автомобильдерін басқару дағдыларын жетілдіруге және жүргізушілердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталды.
Байқауға өрт сөндіру автомобильдерінің 14 жүргізушісі қатысты. Жарыс барысында екі негізгі автомобиль пайдаланылды.
Қатысушылар бірнеше күрделі кезеңнен өтті. Олардың қатарында гараждан шығу, алға және артқа қарай «ирек» жолмен жүру, гаражға кіру және одан шығу, сондай-ақ арнайы жолақпен жүру кезеңдері болды. Әр кезең жүргізушілерден жоғары дәлдікті, көлікті сенімді басқаруды және кәсіби дайындықты талап етті.
Байқау қорытындысы бойынша Бейнеу ауылын қорғау жөніндегі № 6 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автомобилінің жүргізушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Ерғазы Алдамжаров бірінші орынды иеленді.
Ерғазы 2023 жылы № 6 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автомобилінің жүргізушісі болып қызметке кірісті. Содан бері ол кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп, өз шеберлігін іс жүзінде дәлелдеп келеді.
Маңғыстау облысының ТЖД









