13-16 қазан аралығында Индонезияның Джакарта қаласында құжаттық мұраны сақтау және насихаттау мәселелеріне арналған ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық оқу семинары өтіп жатыр.
Іс-шараға Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 16 елден 29 өкіл мен бақылаушы жиналды. Қазақстан атынан ҚР Ұлттық кітапханасының Ақпараттық ресурстар қызметінің басшысы Толқын Замзаева қатысып жатыр.
Семинар бағдарламасында халықаралық сарапшылардың дәрістері мен тәжірибелік сабақтары қамтылған. Қатысушылар құжаттық мұраны сақтау тәсілдерін, номинациялық өтінімдерді әзірлеу тәртібін және құжаттарды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізу талаптарын меңгеріп келеді.
Жиында әр елдің осы бағыттағы тәжірибесі мен ұлттық жобаларына айрықша мән берілді. Қазақстандық өкіл халықаралық сарапшыларға құжаттық мұраны сақтауға арналған отандық жобаларды таныстырды.
Семинар қазақстандық мамандардың шетелдік әріптестерімен кәсіби байланысын кеңейтуге, озық тәжірибелерді зерделеуге және еліміздің құжаттық мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









