Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі БҰҰ-ның Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен бірлесіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен гендерлік ерекшелікті ескеретін бюджет жүйесін дамытуға арналған бірқатар іс-шара өткізді.
Бағдарлама аясында мемлекеттік қызметшілерге арналған тренинг, Қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметкерлері үшін арнайы оқу курсы және тақырыптық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Қатысушылар гендерлік ерекшеліктерді ескеретін жүйені тәжірибеде қолдану, мамандардың кәсіби білігін арттыру және бұл тәсілді бюджетті жоспарлау мен бөлу ісіне енгізу мәселелерін талқылады.
Кейінгі екі жылда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық комиссияның қолдауымен 20 мемлекеттік органның мамандары осы бағытта білім алды.
Гендерлік ерекшелікті ескеретін жүйе бюджет қаражатын жоспарлау және бөлу кезінде халықтың түрлі топтарының қажеттілігін назарға алуға, қаржыға қатысты шешімдердің негізді болуына ықпал етеді.
Қазақстанда бұл тәсілді мемлекеттік жоспарлау мен бюджет қаражатын бөлу ісіне кезең-кезеңімен енгізу көзделіп отыр. Тиісті шараларды 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының жаңа редакциясына енгізу жоспарланған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









