Самар ауданында сүт безі обыры туралы ақпараттандыруға бағытталған «Әйел өмірі үшін» республикалық ақпараттық айлығы аясында жүгіру және серуендеу акциясы өтті. Іс-шара «Әділет» партиясының аудандық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды.
Акцияға ауданның 50-ден астам тұрғыны қатысты. Олардың қатарында түрлі мекемелердің еңбек ұжымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен аудан тұрғындары бар. Қатысушылар әйелдер денсаулығына назар аудару, аурулардың алдын алу және уақытылы медициналық тексеруден өтудің маңыздылығын насихаттау мақсатында бір алаңға жиналды.
Жүгіру қорытындысы бойынша мәреге алғашқы болып жеткен қатысушыларға грамоталар мен сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, осы күні аудандық ауруханада әйелдер маммолог және басқа да медицина мамандарынан тегін кеңес алып, медициналық тексеруден өту мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шараның басты мақсаты – әйелдер денсаулығын нығайтуға назар аудару, аурулардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтаудың маңыздылығын түсіндіру.







