ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындыларына шағымдану тәртібін түсіндіреді. Егер азамат мүгедектік тобына, оның мерзімі мен себебіне, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне қатысты қабылданған шешіммен келіспесе, сараптамалық қорытындыны қайта қарау туралы өтініш беруге құқылы. Бұл құқықты оның заңды өкілі де пайдалана алады.
Ол үшін сараптамалық қорытынды алынған күннен бастап үш айдан кешіктірмей ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне шағым беру қажет. Шағымды қағаз түрінде немесе e-Otinish платформасы арқылы электрондық форматта жолдауға болады.
Қорытындыны қайта қарау тәртібі бастапқы куәландырудың қалай жүргізілгеніне байланысты. Егер азамат тікелей жүргізілген сараптама нәтижесіне шағымданса, оны МӘС әдіснама және бақылау бөлімі қайта қарайды. Мамандар медициналық құжаттарды зерделеп, азаматты тексереді. Диагнозды және ағза функцияларының бұзылу дәрежесін нақтылау қажет болған жағдайда кардиолог, онколог, офтальмолог, педиатр және психолог сияқты бейінді мамандар тартылады.
Егер азамат сырттай, проактивті форматта жүргізілген куәландыру нәтижесімен келіспесе, шағымын тұрақты тіркелген жері бойынша аумақтық департаментке береді. Құжаттар басқа өңірдің МӘС әдіснама және бақылау бөліміне қарауға жіберіледі. Қорытынды азаматтың жеке деректері көрсетілмеген медициналық құжаттар негізінде сырттай қайта қаралады.
Мұндай жағдайда тиісті бөлімге МӘС актісі келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптамалық қорытынды шығарылады. Бұл мерзім құжаттарға сараптамалық баға беру кезеңіне қатысты. Ал ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 99-бабына сәйкес, заңнамада жекелеген жағдайлар үшін өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда шағым 20 жұмыс күнінде қаралатын болады.
Нәтижесінде бұрын шығарылған сараптамалық қорытынды өзгертілуі немесе өзгеріссіз қалдырылуы ықтимал. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда азамат заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануды жалғастыруға құқылы.
2026 жылдың тоғыз айында тікелей және сырттай проактивті форматта жүргізілген МӘС нәтижелеріне шағымдану бойынша 4 918 қайта куәландыру өткізілді. Оның 440-ы немесе 8,9%-ында қайта қарау қорытындысы бойынша мүгедектік белгіленіп, не мүгедектік тобы неғұрлым ауыр топқа өзгертілді.
Еске салайық, МӘС жүргізу және оның нәтижелеріне шағымдану тәртібі ҚР Әлеуметтік кодексімен және Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен реттеледі.









