«Самұрық-Қазына» қолдауымен ормандарды қалпына келтіру және өртке қарсы инфрақұрылымды нығайтуға 500 миллион теңге бағытталды

    1 / 5

    ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман қорын сақтау, өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру және орман өрттерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

    Осы міндеттерді іске асыру аясында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағындағы «Ертіс орманы» және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауымен ауқымды экологиялық жоба жүзеге асырылуда.

    Жоба «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық жобаларының бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының қолдауымен іске асырылуда. Оның жалпы бюджеті 500 миллион теңгені құрайды.

    Жоба аясында 1,2 мың гектардан астам аумақта 5 миллион қарағай көшетін отырғызу көзделген. Оның 2,5 миллионы биылғы көктемгі маусымда отырғызылды. Қалған 2,5 миллион көшетті отырғызу жұмыстары күзгі кезеңде жалғасып, қазіргі уақытта аяқталуға жақын.

    Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – орман өрттерінен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру, орман қорын молықтыру және табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету.

    Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында 450 гектар аумаққа 2 миллион қарағай көшетін отырғызу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар орман өрттеріне қарсы әрекет ету мүмкіндіктерін күшейту мақсатында ангар үлгісіндегі екі модульдік орман өрт сөндіру станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде.

    Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында 762 гектар аумаққа 3 миллион қарағай көшетін отырғызу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, орман отырғызу техникасын жаңарту, жылыжай кешенін жөндеу және ангар үлгісіндегі екі модульдік орман өрт сөндіру станциясын орнату қарастырылған.

    Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті орман қорын қорғау және молықтыру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ведомстволық бағынысты мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударып келеді.

    Жоба аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар орман шаруашылығы мекемелерінің өрт қауіпті кезеңге дайындығын арттыруға, өрт ошақтарына жедел әрекет етуге және өрттің таралу қаупін төмендетуге бағытталған.

    Орманды қалпына келтіру – тек ағаш көшеттерін отырғызу ғана емес, олардың өсіп-жетілуіне, табиғи экожүйенің қайта қалыптасуына және орман алқаптарының болашақта қауіпсіз сақталуына жағдай жасау.

    Осы тұрғыдан алғанда, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауы ормандарды қалпына келтірумен қатар, олардың ұзақ мерзімді қорғалуына қажетті инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

    ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі үшін мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және басқа да серіктестер арасындағы өзара іс-қимылды дамыту – еліміздің табиғи байлығын сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.

    Орман қорын қалпына келтіру, орман өрттерінің алдын алу және табиғи экожүйелерді сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі" жаңалықтары