
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға және заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруды жалғастыруда. Ақтөбеде қағаз және картон өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр.
Жобаны «CAPITAL PLAST KZ» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін гофрлауға арналған қағаз өндірісі жылына 18 мың тоннаға дейін, ал тегіс қабаттарға арналған картон өндірісі 24 мың тоннаға дейін жетеді.
Жобаның жалпы құны шамамен 10,3 млрд теңгені құрайды. Жобаны қаржыландыруға «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері қаражатын бағыттады.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алаңда іргетас құю, қойма салу және қадаларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қазандық салынып бітті. Кәсіпорынды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Зауыт толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін 300-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген.
Жобаны іске асыру Ақтөбеде қайталама шикізатты пайдалану арқылы қағаз және картон өндіретін жаңа қуаттарды қалыптастыруға, сондай-ақ макулатураны қайта өңдеуге тарту көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы сомасы шамамен 116 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны қаржыландырды. Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін арттыруға, қалдықтарды көму көлемін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға ықпал етеді.









