ЖЕТІСАЙЛЫҚ КӘСІПКЕР ТӨРТ ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

    1 / 23
    ЖЕТІСАЙЛЫҚ КӘСІПКЕР ТӨРТ ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ
    Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған, кеудесінен итермеген текті халық екені тарих қойнауына енген сан ғасырлардан бері белгілі. Тәуелсіз елдің бүгінгі азаматтарының ішінде қанға сіңген қасиетті, ата дәстүрді жалғастырып, дәріптеп келе жатқандары да баршылық.
    Бүгін Жетісай ауданы, Жылы су ауылдық округіне қарасты Байқоныс елді мекенінде қайыры мол қайырымдылық шарасы болып өтті. Жетісайлық кәсіпкер Бақыт Төлбасиев өз қаражаты есебінен төрт отбасыға баспана сыйлап, елдің алғысына бөленді.
    Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов елдегі жетімінің маңдайынан сипап, жесірінің қолтығынан демеп қамқорлық көрсетудің, қайырымдылық жасаудың сонау ықылым заманнан бері халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып, қанына сіңген қасиет екенін айтып, қайырымдылық жасаған жандарға алғысын білдірді.
    «Біздің жағдайымызды ескеріп, кеудемізден итермей осылай көмек беріп жатқан азаматтарға, аудан басшысы мен баспана сыйлап отырған кәсіпкер ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Енді біздің де өз үйіміз, перзенттеріміздің өз бөлмелері болады» дейді баспаналы болған ауыл тұрғындары.
    Аталмыш сауабы мол игі шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша баспанаға шын мұқтаж отбасыларды анықтауда ауыл ақсақалдары мен жергілікті әкімдікпен жан-жақты талдау жасалған. Ортақ шешіммен осы төрт отбасыны лайық деп тапқан.
    Жүзіне немесе шыққан тегіне, руына қарамай жарлыларға жақсылық жасауға жаны құмартып тұратын кәсіпкер мұндай қайырымдылық шарасының алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтады.
    «Мемлекет басшысының, облыс, аудан әкімдерінің қолдауымен кәсібімізді ашып, адал еңбек етіп келеміз. Жыл сайын қайырымдылық шараларынан қалыс қалмауға әрекет жасаймыз. Бұл жолы шын мұқтаж жандарға баспана салып беруді ұйғардық. Баспаналы болған бүлдіршіндердің жүздеріндегі қуаныш біздің ісіміздің дұрыс екенін, ары қарай да тоқтаусыз жалғастыру керек екенін ұғындырды» дейді Бақыт Төлбасиев.
    Айта кетейік, аудан басшысы Серік Үсенұлының тапсырмасымен халқы тығыз орналасқан Жетісай ауданында баспанаға мұқтаж жандардың, соның ішінде, жас мемлекеттік қызметкерлермен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызбасты, көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешеуге айқын бетбұрыс жасалған.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары