1 / 17
ЖЕТІСАЙЛЫҚ КӨКПАРШЫЛАР ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ
Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы, ата дәстүрдің жалғасы. Ат үстіндегі айбынды бәсекеде намыс пен жігерді ту еткен Жетісай ауданының көкпаршылары Түркістан облысының чемпионатында үздік үштіктің қатарынан көрініп, аудан мерейін асқақтатты.
2026 жылғы 22–24 қараша күндері Түркістан қаласындағы атшабар алаңында ересектер арасында көкпардан өткен Түркістан облысының чемпионатына Түлкібас, Сайрам, Шардара, Бәйдібек, Сауран, Ордабасы, Қазығұрт, Жетісай аудандарымен қатар Арыс қаласынан келген 9 команда қатысып, өзара бақ сынады.
Үш күнге созылған тартысты жарыста шабандоздар ат үстіндегі шеберлігін, ептілігін, төзімділігі мен командалық ауызбіршілігін паш етті. Тартысқа толы әр ойын жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.
Бәсекеде Қазығұрт ауданының командасы І орынды иеленсе, ІІ орын Түлкібас ауданының шабандоздарына бұйырды. Қарсыластарымен лайықты деңгейде өнер көрсетіп, жоғары дайындық пен табандылық танытқан, ұлттық құндылығымызды ұлықтап, аудан абыройын асқақтатып жүрген Жетісай аудандық «Ұлттық спорт клубының» көкпаршылары жүлделі ІІІ орынды иеленіп, облыс чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Бұл жетістік – шабандоздардың табанды дайындығының, ұлттық спортқа деген жанашырлығы мен командалық бірлігінің жемісі.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









