1 / 20
ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ
Аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді нақтылау мақсатында аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбековтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде жыл басынан бері аудан көлемінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жай-күйі мен қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырушыларға, интернет алаяқтық фактілеріне қарсы күрес және олардың алдын алу, саладағы нақты көрсеткіштер мен қабылданып жатқан шаралар кеңінен талқыланып, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермековтың баяндамасы тыңдалды.
Бас полицейдің мәліметінше, профилактикалық жұмыстардың тиімді жүргізілуінің нәтижесінде аудан аумағындағы криминогендік ахуал тұрақты деңгейде сақталған. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысының нәтижесінде қылмыстың бірқатар түрлері бойынша көрсеткіштер төмендесе, кейбір қылмыс санаттары бойынша деректер мүлдем тіркелмеген.
Отырыста қазіргі таңда қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі – интернет алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып, онлайн алаяқтардың түрлі тәсілдерді қолдана отырып азаматтардың қаражатын иемдену фактілері республика көлемінде көбейіп отырғаны, аудан тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту және күмәнді операцияларға тосқауыл қою бағытындағы шараларды жандандыру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жүсіпбай мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тамара Ташева, аудандық білім бөлімінің бас маманы Шоқан Адайбеков баяндама жасап, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға тоқталды.
Жиын соңында аудан әкіміның орынбасары құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру жөнінде нақты міндеттерді белгіледі.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









