Астанада 29-шы Қазақстандық халықаралық «Көлік және логистика» көрмесі – TransLogistica Kazakhstan 2026 өтті. Қытай, Ресей, Люксембург, Нидерланд, Польша, Түркия, БАӘ және басқа да 20-дан астам елдің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдары, көлік-логистика компаниялары мен салалық сарапшыларының басын қосқан іс-шарада көлік саласын жаңғырту, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, IT-шешімдерді енгізу және жүк тасымалының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шара аясында ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, ИКАО Жаһандық елшілер бағдарламасының елшісі Салтанат Томпиева «Жаңа дәуірдің көшбасшы әйелдері: адамдар, технологиялар және көлік пен логистиканың болашағы» атты пленарлық сессияға спикер ретінде қатысты.
Сессияға сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы Көлік және логистика жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Алуа Көрпебаева, ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқасының Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің төрағасы Лейла Куленова, CPCS компаниясының Орталық Азия және Кавказ өңірлері бойынша жетекшісі, Women in TLP және Women in Trade & Logistics Partnerships ұйымдарының төрағасы Айжан Бейсеева, Rhenus Group компаниясының Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия бойынша басқарма жобаларының жетекшісі Александра Огнева, Kusto Logistics директоры Мадина Ахмеджанова, «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС цифрлық сервистер департаментінің директоры Інкәр Хусаинова, Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азиядағы ақпараттық жүйелер және трансформация жөніндегі бизнес-серіктесі Әлия Шалова қатысты.
Көлік-логистика саласын дамытудағы көшбасшы әйелдердің рөліне арналған сессияда кадрлар даярлау, адами капиталды дамыту, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалы мәселелері көтерілді.
Өз сөзінде Салтанат Томпиева Қазақстан азаматтық авиацияның болашағын қалыптастыруға белсенді атсалысатын мемлекет ретінде саланың орнықты даму қағидаттарын ұстанып, адами капиталға инвестиция салуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Біз адами капиталды дамыту бағытындағы тәжірибемізді халықаралық авиация қауымдастығымен белсенді түрде бөлісіп келеміз. ИКАО-ның өңірлік семинарлары мен практикалық оқыту іс-шараларын өткізіп, салаға жас мамандарды көбірек тартуға күш салып жатырмыз. Болашақта авиацияда тек ерлерге немесе әйелдерге тән деп саналатын мамандықтардың саны айтарлықтай азаятынына сенімдімін. Ең бастысы – жастардың, қыздар да, жігіттердің де білім алуға, өз қабілеттерін көрсетуге және әлеуетін іске асыруға тең мүмкіндіктері болуы тиіс», – деп атап өтті С. Томпиева.
Сессия қатысушылары білікті мамандар тапшылығы, жас кадрларды дамыту және тәлімгерлік жүйесін жетілдіру, жаңа кәсіби құзыреттерді қалыптастыру, сондай-ақ болашақ мамандарды даярлау ісінде мемлекет, бизнес және білім беру ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.








