Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов банк өкілдерімен, «Қазақтелеком» АҚ және «Қазпошта» АҚ өкілдерімен кездесті. Кездесуде интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің жаңа шаралары талқыланды.
Ұсыныстардың бірі — ақпаратпен жедел алмасу үшін WhatsApp тобын құру. Егер банк қызметкері ықтимал алаяқтық белгілерін байқаса, мысалы, зейнеткер белгісіз адамдардың қысымымен несие рәсімдеуге әрекеттенсе, бұл туралы полицейлерге хабарлай алады. Бұл жағдайды дер кезінде тексеріп, төнген қауіп туралы ескертуге мүмкіндік береді.
Топта алаяқтықтың жаңа схемалары туралы материалдар да жарияланбақ. Олар банк қызметкерлеріне күмәнді жағдайларды анықтап, клиенттерді ықтимал қауіптер туралы ескертуге көмектеседі.
Іс-шарада шетел азаматтарын алаяқтық схемаларында пайдалану мәселесі де талқыланды. Жәбірленушілердің ақшасын сыйақы үшін өз банк картасы арқылы өткізуге келісетін кез келген адам сот алдында жауап беруі мүмкін. Интернет-алаяқтық құрбандары келтірілген шығынды азаматтық-құқықтық тәртіппен өндіріп ала алады.
Қазір кибералаяқтар шетелдік дропперлерді белсенді түрде пайдаланып жүр. Жыл басынан бері СҚО-да Қазақстанда ЖСН алып, банк карталарын рәсімдеп, олардың деректемелерін үшінші тұлғаларға берген 120 шетел азаматы анықталды. Олардың басым бөлігі — Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары, сондай-ақ Үндістанның бір азаматы бар.
Полицияның ұсынысы бойынша банк секторының өкілдері шетел азаматтарына банк карталарын рәсімдеу кезінде қолданылатын қосымша шаралар туралы, соның ішінде картаны алу мақсатын нақтылау жөніндегі ұсыныстарды бас кеңселеріне жолдауды жоспарлап отыр.
Полиция полковнигі Әлібек Құжахметов ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің тиімді жолдарының бірі екенін атап өтті.








