Діни келісім мәселелерін түсіну, деструктивті діни ағымдарды дәстүрлі діннен ажырата білу – қазіргі полицейдің кәсіби даярлығының маңызды бөлігі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде «Дәстүр мен дін: бірлік жолы» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру дәрісі өтті. Оған департаменттің түрлі бөлімшелерінен 40-қа жуық қызметкер қатысты.
Дәрісті облыстық әкімдіктің Дін істері басқармасына қарасты Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының теологы Елизавета Березина оқыды.
Кездесуде қатысушылар діни сауаттылық, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарау, конфессияаралық келісімді нығайту және радикалды діни көзқарастардың таралуына жол бермеу мәселелерін талқылады.
Мұндай кездесулер полиция қызметкерлерінің дін мен конфессияаралық қатынастар саласындағы білімін кеңейтіп, құқықтық сауаттылығын арттыруға және халықпен тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.









