Петропавл қаласындағы Бөкетов көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісіне орнатылған бейнебақылау камерасы 26 жастағы қала тұрғынының бұзақылық әрекетін тіркеді. Түнгі сағат 03:30 шамасында ол үй ауласындағы шлагбаумның жебесін сындырған.
Бейнежазбаның көмегімен полицейлер құқық бұзушыны жедел анықтады. Жас жігіт өз әрекетін масаң күйде болғанымен түсіндірді. Сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған айыппұл салынды.
Полицейлер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін заңда 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 30 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза көзделгенін еске салады.
Тәртіп сақшылары вандализм, бұзақылық және қоғамдық тәртіпті бұзудың басқа да деректерінің алдын алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында ұсақ бұзақылықтың 1600-ден астам дерегі тіркелді. Оның 891-і Петропавл қаласында болған.









