Солтүстік Қазақстанда интернет-алаяқтардың құрбаны бола жаздаған тағы бір азамат құтқарылды. Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде банкоматтардың жанында полицияның аға лейтенанты Еркебұлан Құрбаниязов телефонмен үздіксіз сөйлесіп, қатты қобалжып тұрған ер адамды байқайды. Оның қолындағы жасыл пакеттің ішінен ақша бумалары көрініп тұрған.
Еркебұлан қызметтік куәлігін көрсетіп, ер адамға телефонның ар жағында алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертті. Алайда қала тұрғыны полицейдің сөзіне құлақ асқысы келмеді. Алаяқтар құрбандарына үнемі алдын ала нұсқау береді: «Егер біреу сізді тоқтатуға тырысса, сенбеңіз. Олар – сіздің атыңызға несие рәсімдегісі келетін қылмыскерлер».
Еркебұланның табандылығының арқасында ер адамды райынан қайтарып, ақшасынан айырылып қалудан сақтап қалу мүмкін болды. Слесарь болып жұмыс істейтін 49 жастағы азамат алаяқтардың қалай алдағанын айтып берді. Әуелі оған автоматты дауыс хабарласып, электрондық цифрлық қолтаңбасының қолданылу мерзімі аяқталып келе жатқанын айтып, оны ұзарту үшін «1» санын басуды ұсынған. Артынша банк қызметкері болып таныстырған адам қоңырау шалып, неліктен осы санды басқанын сұраған. Енді оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, мәселені шешу үшін «айна-қатесіз» несие алып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігіне сендірген. Алаяқтарға 3 миллион теңгенің аударылуына санаулы сәт қалғанда полицейдің көмегімен бұған жол берілмеді.
Еркебұлан Құрбаниязов Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағында қызмет етеді. Бұл бөлімшенің қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін сауда үйлерінде күн сайын кезекшілік атқарады. Соңғы екі аптада олар петропавлдықтарды кибералаяқтардан төртінші рет сақтап қалды.









