Петропавлда полицейлер мемлекеттік жерге орнатылған бос гараждың иесін анықтады

    1 / 7

    Бостандық көшесіндегі гараждың маңына үнемі қоқыс жиналатынын қоғам белсендісі Мәлік Шигабутдинов үш жыл бұрын анықтаған. Петропавл қаласының әкімдігінен полицияға гараж иесін анықтау туралы өтініш түскен. Белгілі болғандай, гараждың иесі ұзақ уақыт бойы шетелде тұрған.

    Полицейлер жағдайды бақылауда ұстап, мүмкіндік туған кезде гараж иесімен кездесті. Әйелге гаражды үш күн ішінде алып тастау қажеттігі туралы хабарлама табысталды. Бұл талап орындалмаған жағдайда, мемлекеттік жер учаскесін заңсыз иеленгені үшін Жер ресурстарын басқару департаменті айыппұл салуы мүмкін.

    Полицейлер гараж иелеріне олардың заңды түрде орнатылғанын тексеру қажеттігін ескертеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабында («Жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзу») жеке тұлғаларға 75 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Меншік нысанына қарай айыппұл мөлшері 700 айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін.

    Заңсыз орнатылған гараждарды жою жұмыстары «Таза Қазақстан» аясында жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері абаттандыру ережелерін бұзудың 12 500-ден астам дерегін анықтады. Тәртіп сақшыларының бұл бағыттағы жұмысы әкімшілік материалдар жинаумен ғана шектелмейді. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алуды, заң талаптарын түсіндіруді, мемлекеттік органдармен және қоғам өкілдерімен өзара іс-қимылды да қамтиды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары