Бельгия Патшасы мен Патшайымы сапармен Алматыдағы Ядролық физика институтында болды

    1 / 6

    Ағымдағы жылдың 14 қазанында Бельгия Патшасы Филипп пен Матильда Патшайым Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Алматы қаласындағы Ядролық физика институтында болды. Мәртебелі қонақтарға Бельгияның ғылыми ұйымдарымен және компанияларымен ынтымақтастық нәтижелері – бірлескен зерттеулерден бастап онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттарды өндіруге дейінгі бағыттар таныстырылды.

    Сапар барысында қонақтар Институттың ғылыми және өндірістік инфрақұрылымымен, жаңа Cyclone-18/9 циклотрондық қондырғысы мен ССР-Қ зерттеу реакторының жұмысымен танысты. Ядролық медицинаны дамытуға және келешекте қазақстандық-бельгиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

    Серіктестіктің негізгі нәтижелерінің бірі бельгиялық IBA компаниясының 2014 жылы Cyclone-30 циклотронын жеткізуі болды. 2019 жылдан бастап аталған қондырғыда ПЭТ арқылы диагностика жасауға қолданылатын «Фтордезоксиглюкоза F-18» радиофармацевтикалық препараты өндіріледі, осы уақыт ішінде Институт тарапынан 63 мыңнан астам емделушіні медициналық тексеруден өткізуге жететін препарат мөлшерін өндіріп шығарды.

    Сонымен қатар, Cyclone-30 қондырғысында Германия, АҚШ, Франция және Ресей елдеріне экспортталатын өнеркәсіптік мақсатта қолданылатын кобальт-57 радиоизотопы өндіріледі.

    Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев: «Ядролық физика институтында орнатылған бельгиялық циклотрон Қазақстанның ядролық медицина инфрақұрылымында айрықша рөл атқарады және әлеуметтік маңызы бар радиофармацевтикалық препараттарды өндіру үшін қолданылады. Осы жобаның жүзеге асырылуы халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың практикалық маңыздылығын, сондай-ақ оның отандық денсаулық сақтауды дамытуға, ерте диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи медициналық көмек көрсету әдістерінің қолжетімділігін арттыруға қосқан үлесін айғақтайды», – деп атап өтті.

    ССР-Қ зерттеу реакторы мен Cyclone-30 циклотроны базасында медициналық радиоизотоптар шығарылады, олардың негізінде Институтта онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалауға, сондай-ақ қалқанша безінің ауруларын, оның ішінде онкологиялық ауруларды емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндіріледі.

    Қазіргі уақытта Қазақстанның медициналық орталықтарына үш радиофармпрепарат, оның ішінде йод-131 мен молибден-99 негізіндегі препараттар жеткізіледі. Сонымен қатар, Институт өзі әзірлеп, патенттеген технологиясы бойынша технеций-99m генераторларын шығарады. Радиофармпрепараттар өндірісі халықаралық GMP стандартының талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.

    Институттың бельгиялық серіктестермен ғылыми ынтымақтастығы бірлескен зерттеулер жүргізуді, мамандар даярлауды және ғылыми-техникалық тәжірибе алмасуды қамтиды. 2022 жылы MYRRHA жобасы аясында Бельгияның SCK CEN ядролық зерттеулер орталығымен ынтымақтастық орнату келешектері талқыланды. Ұлттық радиоэлементтер институтымен (IRE) радиоэкология саласындағы өзара әрекеттестікті қарастыратын ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Келешектегі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі актиний-225 радиоизотопын өндіру технологиясын игеру болып табылады.

    Ректорлар форумы алаңында 13 қазанда Ядролық физика институты мен Гент университеті (Ghent University) арасында қол қойылған меморандум халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды.

    «Сапар қарсаңындаGhent University Гент университетімен жасалған меморандумынтымақтастықты дамытудың жаңабелесін айқындады.Бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – Қазақстан, Бельгия және Корея Республикасы мамандарының қатысуымен судытазартуға арналған радиациялық технологиялардыәзірлеу. Сонымен қатар тараптар халықаралық бірлескен зерттеулер жүргізуге, ядролық медицинаны дамытуға, жас мамандарды оқытуға және тәжіририбе алмасуға мүдделі.Бұл бірлескенортақ бастамаларымыз, ең алдымен, екі ел халқының денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға үлес қосатынына сенімдімін», – деді Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.

    Институт ғалымдары Бельгияның Гент университетімен және оның ғаламдық кампусымен бірлесе отырып, суды органикалық ластағыштардан, соның ішінде антибиотиктерден фотокатализдік әдіспен тазарту жолдарын зерттеуде. Зерттеу жұмыстары аясында Сорбұлақ су қоймасынан алынған ағынды сулардың құрамы зерттеліп, маусымдық өзгерістердің тазарту тиімділігіне әсері бағаланады. Жүргізілген жұмыстардың алғашқы нәтижелері алынып, бірлескен ғылыми мақала жарияланды.

    Кездесу барысында IBA SA бас директоры Оливье Легран, Гент университетінің ректоры Петра Де Суттер, Trasis компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Эммануэль Бертран және UC Louvain ректоры Франсуа Смэт сөз сөйледі. Олар медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотопты өнімдерді өндіруге қажетті жабдықтарды жеткізу мен ғылыми зерттеулер саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен ынтымақтастық келешектерін таныстырды.

    Экскурсия барысында Бельгия Патшасы мен Патшайымына Ядролық физика институтының радиофармпрепараттарды өндірудегі мүмкіндіктері және өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған жоспарлары таныстырылды.

    Үдеткіш технологиялар бөлімі бастығының орынбасары Александр Сильнягин ағымдағы жылдың мамыр айында Институт игілігіне беріліп, Алматы қаласына жеткізілген Cyclone 18/9 циклотрондық қондырғысы жайында баяндады. Мамандар оның алдын ала құрастыру жұмыстарын орындап, негізгі жүйелерін қосты, техникалық қызмет көрсету мен бастапқы сынақтар жүргізді. Алдағы уақытта қондырғыны толық пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл онкологиялық және басқа да ауруларды ПЭТ-диагностикалау үшін фтор-18 мен фтордезоксиглюкоза (ФДГ) радиофармацевтикалық препаратын тұрақты түрде өндіруге мүмкіндік береді.

    Cyclone 18/9 қондырғысын іске қосу радиофармпрепараттар өндірісінің көлемін ұлғайтуға, олардың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге және қолданыстағы Cyclone 30 циклотронына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа қондырғыны іске қосу сұранысқа ие басқа да радиоизотоптарды өндіру бойынша мүмкіндіктерді кеңейтеді. Қазіргі уақытта Институт кобальт-57 изотопын өндіреді, сонымен қатар ядролық медицинада қолданылатын германий-галлий генераторларына арналған германий-68 изотопын өндіруді дамыту жоспарлануда. Ал ұзақ мерзімді болашақта перспективті радиоизотоптардың бірі – актиний-225 өндіру технологиясын игеру көзделіп отыр.

    ССР-Қ зерттеу реакторына сапар шеңберінде Институт бас директорының орынбасары Асхат Бекбаев аталған қондырғының тарихи кезеңдері мен оны ғылыми зерттеулерде, қолданбалы міндеттерді шешуде, сондай-ақ радиоизотоптық өнімдер шығаруда қолдану барысымен таныстырды.

    Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов Қазақстанда атом электрстанциясын салу жоспарлары туралы ақпарат беріп, Институттың ядролық сала мамандарын даярлайтын оқу базасы ретіндегі маңызын атап өтті.

    Бұл сапар ядролық медицина, ғылыми зерттеулер және мамандарды даярлау бағытындағы қазақстандық-бельгиялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын растады. Бірлескен жобаларды дамыту Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға, отандық радиофармацевтикалық препараттардың отандық өндірісін дамытуға және ядролық медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі" жаңалықтары