Сәтқалиев: Қазақстан әлемдік атом саласындағы орнын нығайтуды көздейді

    1 / 2

    Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Антальяда өткен «Әлемдік атом күндері» конференциясы аясындағы «Адамзат пен планета игілігіне арналған атом энергетикасы» атты пленарлық отырысқа қатысты.

    Өз сөзінде Агенттік басшысы Қазақстанның атом саласын дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Ол үш АЭС салу елдің электр энергиясына деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге және өнеркәсіптік әрі ғылыми әлеуетті біріктіретін атом кластерін қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті.

    «Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында және әлемдік уран өндірісінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Біз уранды тек экспорттық тауар ретінде ғана емес, өз энергетикамыз бен экономикамызды дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде қарастырамыз», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

    Сөз барысында білікті мамандар даярлау мен адами капиталды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Агенттік басшысы саланы ұзақ мерзімді дамыту үшін алдағы кемінде 100 жылға арналған стратегиялық уран қорын қалыптастырудың маңыздылығын да атап өтті.

    Атом энергетикасымен қатар, Қазақстан ядролық технологияларды медицинада, ауыл шаруашылығында және басқа да салаларда қолдану аясын кеңейтуді, отандық технологияларды дамытуды және жетекші әлемдік серіктестермен ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.

    Пленарлық отырысқа сондай-ақ «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев, Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың бас директоры Сама Бильбао-и-Леон, «Узатом» агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев, БРИКС атом энергетикасы платформасының бас үйлестірушісі Элзи Пуле, Paks II Ltd. компаниясының бас директоры әрі директорлар кеңесінің төрағасы Аттила Шагоди қатысты.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі" жаңалықтары