2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасында адами капиталға 10,5 трлн теңге қарастырылған

    ҚР Құрылтайының жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырды. Аталған құжат 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде дайындалып, онда бюджеттік және макроэкономикалық сын-қатер ескерілген.

    «Басты мақсат – экономикалық өсімді ынталандыру, қаржы жүйесіндегі тәртіп пен мемлекеттің азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемені күмәнсіз орындау арасындағы балансты сақтау. Бұл бюджеттің басты назарында адам және адамға бағдарланған инвестиция», деді Мәди Төкешұлы.

    2027 жылы республикалық бюджеттің кірісі 25,4 трлн теңге мөлшерінде, ал шығыстар 30,2 трлн теңге межесінде болжанып отыр. Тапшылық – 4,6 трлн теңге немесе ІЖӨ шаққанда 2,3% болмақ. 2029 жылға қарай меншікті кірісті 23,4 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған.

    Келесі жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы көлемінің 35% бөлу қарастырылған. Оның 6,9 трлн теңгесі әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға, 2,5 трлн теңгесі денсаулық сақтау саласына жұмсалады. Бұл қаржыландыру аясында тегін кепілдендірілген медициналық көмектің көлемі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық сақтандыру қамтылып отыр.

    Білім беру мен ғылым саласында 18 мың баланы сауықтыру және оңалту, 76 мың педагогтың біліктілігін арттыру, «Келешек мектептері» жобасына сәйкес 217 мектепте білім беру әдіснамасын жетілдіру, сондай-ақ студенттер, магистранттар мен докторанттарды 25 мыңға жуық жатақхана орнымен қамту көзделген. Ғылыми жобалардың жаңа пулына 60,4 млрд теңге қарастырылған.

    Өңірлерді қолдауға жыл сайын 7,4 трлн теңге немесе бюджеттің 24,8% бағыттау жоспарланып отыр. Жалпы сипаттағы трансферттер 12 базалық бағыт бойынша Өңірлік стандарттар жүйесімен байланыстырылған. Мұндай тәсіл халыққа қажетті әлеуметтік және коммуналды инфрақұрылымға қаражат бөлуді көздеп, жергілікті жерлерде өзекті мәселелерді шешуге байланысты өңірлердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

    2027 жылы нақты секторды дамытуға 3,7 трлн теңге бағытталады. Бұл 2026 жылғы арналған жоспардан 600 млрд теңгеге көп. Аталған сома көлік инфрақұрылымына, агроөнеркәсіптік кешенге, өнеркәсіп пен құрылысқа, сондай-ақ кәсіпкерлік пен цифрлы дамуға жұмсалады.

    Экономиканың дамуын ынталандыратын шығыстардың жалпы көлемі – 7,5 трлн теңге. Ұлттық қор есебінен үшжылдық кезеңде көлік және логистика, әлеуметтік инфрақұрылым, энергетика және су ресурстары салаларында 347 стратегиялық жоба іске асырылатын болады. Бұл шамамен 31 мың жұмыс орнын ашып, 13 млн адамға инфрақұрылымдық игіліктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Заң жобасы Құрылтайдың жұмыс топтары мен комитеттерінің отырыстарында талқыланып жатыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі" жаңалықтары