1 / 12
Түркістан облысы полиция департаментінде Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен 9 айдағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысына арналған кеңейтілген кеңес өтті. Жиында есепті кезеңдегі құқық бұзушылықтардың жай-күйі, қылмыстардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды.
Айта кетсек, осы жылдың 9 айында облыста қылмыстық құқық бұзушылық 11,7% азайған. Сондай-ақ мал ұрлығы деректері 4,3% төмендеген. Есірткі өткізудің жолын кесу 9 дерекке, аса ірі көлемде есірткі сақтау 8 дерекке, есірткі өсімдігін егу 10 дерекке азайған. Заңсыз айналымнан 900 келіден астам есірткі тәркіленген.
Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар – 17,8%, отбасы-тұрмыстық қатынастарда жасалған қылмыстар – 8,1%, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар – 2,6% төмендеген. Ал жол-көлік оқиғаларының саны – 4,1%, қаза тапқандар – 7,8%, жарақат алғандар – 9,1% азайған.
Облыстың бас полицейі А.Заппаров жиында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дрифт, түнгі жарыстарға тосқауыл қою, жолдардың жай-күйіне күзгі тексеріс жүргізу және анықталған кемшіліктерді уақытылы жою бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жеке жұмыс жүргізу, алаяқтық қылмыстарының алдын алу, граффити жазбаларын жою, вандализм бағытында нақты міндеттер жүктелді. Халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандырып, жағдайларды дер кезінде анықтау қажеттігі атап өтілді.
Полиция қызметіне заманауи цифрлық шешімдер мен технологияларды енгізу, олардың мүмкіндіктерін құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу барысында тиімді пайдалану мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Жиналыс қорытындысында жеке құрам арасында заң мен тәртіпті қатаң сақтау, қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру тапсырылды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі









