Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты судьялық кадр резервін қалыптастырудың жаңартылған тәртібі мен негізгі аспектілерін егжей-тегжейлі түсіндіретін ақпараттық бейнематериал дайындады
Елімізде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл институт меритократия қағидатын қамтамасыз етудің, сот жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтудың және судьялардың кәсіби өсуін ынталандырудың тиімді тетігі болып табылады.
Жүргізіліп жатқан реформалар аясында кадр резервін қалыптастыру жүйесі едәуір жаңғыртылды. Іріктеу рәсімдері оңтайландырылып, нақты регламенттелді және цифрландырылды. Сонымен қатар судьялардың құзыреттерін бағалауға арналған заманауи HR-құралдар енгізілді.
Бейнематериалда түсіндірілгендей, кадр резерві судьялық лауазымдардың сегіз санаты бойынша қалыптастырылады. Олар жоғары тұрған үш лауазым мен басшылық лауазымдардың бес түрін қамтиды. Кадр резервіне мінсіз беделі, сот төрелігін жүзеге асыру сапасының жоғары көрсеткіштері және айқын ұйымдастырушылық қабілеттері бар, сондай-ақ кәсіби қызметін бағалаудан өтуге қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес келетін қызметтегі судьялар қабылданады.
Іріктеу рәсімі бірнеше кезеңнен тұрады. Ол бейінді қорытындылар алуды, цифрлық және бағалау кезеңдерінен өтуді, сондай-ақ кандидатураларды Кадр резерві жөніндегі комиссияның жан-жақты қарауын қамтиды. Комиссия құрамына Кеңес мүшелері, қызметтегі судьялар, заң қоғамдастығының өкілдері және адами ресурстарды басқару саласындағы сарапшылар кіреді.
Ақпараттық бейнематериалда кадр резервінде болудың нормативтік мерзімдері де түсіндіріледі: жоғары тұрған лауазымдар үшін – үш жыл, басшылық лауазымдар үшін – бес жыл. Сонымен қатар резервтен шығарудың негіздерінің толық тізбесі қамтылған.
Резервте тұрған судьяларға бос лауазымдарға іріктеу кезінде басым құқық беру және олардың кәсіби әрі әдеп стандарттарына сәйкестігін қатаң бақылау қызмет бабында жоғарылаудың ашықтығын, басшылық құрамның сапалы жаңаруын және Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі сабақтастықтың үздіксіз сақталуын қамтамасыз етеді.









