Қаратал ауданының әкімі Үштөбе қаласының тұрғындарымен кездесті

    1 / 5

    Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын орындау аясында Қаратал ауданының әкімі У. Досымбеков Үштөбе қаласының тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді.
    Кездесу І. Есенберлин атындағы орта мектепте өтті. Кездесу барысында аудан басшысы тұрғындарды Қаратал ауданының 2026 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырып, жыл соңына дейінгі жоспарлар мен басым міндеттер туралы баяндады.
    Ашық диалог форматында өткен кездесуде қала тұрғындары абаттандыру, көше-жол инфрақұрылымының жағдайы және коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
    Атап айтқанда, қала аумағын санитарлық тазалау және қоқысты уақтылы шығару, тұйық көшелерге қиыршық тас төсеу, Қаратал көшесіне орташа жөндеу жүргізу, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, тұрғындар халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, № 2 автобус маршрутының қозғалыс бағытын өзгерту қажеттігін айтып, теміржол жолдарынан қауіпсіз өту мәселесіне назар аударды.
    Аудан әкімі тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Қосымша зерделеуді және тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
    Кездесу қорытындысы бойынша тұрғындар көтерген мәселелердің өзектілігін ескере отырып, оларды одан әрі пысықтау қажеттігі атап өтілді. Берілген тапсырмалардың орындалуы мен тұрғындардың өтініштерін қарау аудан әкімдігінің бақылауында болады.
    Мұндай кездесулер халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға, өзекті мәселелерді дер кезінде анықтауға және қала ортасын жақсарту мен Үштөбе тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Кездесуге дейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қаратал ауданының әкімдігі" жаңалықтары