Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблінің 30-шы концерт маусымы ашылды. Кеште қазақ музыкасы мен Еуропа классиктерінің шығармалары орындалды.
Отыз жылдық тарихы бар ансамбль бүгінде еліміздің жетекші музыкалық ұжымдарының бірі саналады. Ұжымның репертуарында әлемдік классика туындылары мен оркестрге лайықталған қазақ музыкасы кеңінен қамтылған. Ансамбль Франция, Германия, Чехия, Жапония және басқа да елдерде өнер көрсетіп, қазақтың музыкалық мұрасын шетелдік тыңдарманға кеңінен насихаттап келеді. Қазан айында ұжым Қытайға гастрольмен барады.
Мерейтойлық концерттің арнайы қонағы – француз дирижері Михаил Кац. Дирижердің қатысуымен өткен концерт музыканттардың кәсіби тәжірибе алмасуына және халықаралық шығармашылық ынтымақтастықтың дамуына ықпал етті.
«Қазақстан Камератасы» ансамблінің репертуарында әлемдік классика мен қазақ музыкасы қатар орын алған. Ұжым ел ішінде де, шетелде де өнер көрсетіп, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтып келеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









