Заманауи өмір ырғағы ата-аналарға тренингтерге қатысуға немесе психолог маманға баруға әрдайым мүмкіндік бере бермейді. Осыны ескере отырып, Өңірлік психологиялық қолдау орталығының мамандары ата-аналарға өздері қадам жасап, кеңес пен қолдауды олардың жұмыс орындарында ұйымдастырып келеді.
Қалада «Жанұя жылуы» жобасы аясында көшпелі кездесулер басталды. Қазан айынан бастап Орталық психологтері кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің ұжымдарында тікелей жұмыс орындарында тренингтер өткізуде. Жоба қызметкерлерге отбасындағы эмоционалдық жылылықты сақтауға, балаларымен өзара түсіністік орнатуға және ата-ана ретіндегі сенімділігін арттыруға қолдау көрсетеді.
Бүгінде тренингтермен денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері қамтылып отыр. Алдағы уақытта қаланың басқа да еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізу жоспарлануда. «Жанұя жылуы» жобасы ата-аналарға жұмысы мен отбасын қатар алып жүруге, балаларымен жақсы қарым-қатынас орнатуға және қиын жағдайда қажетті қолдау алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – мәселе туындағанда оны жалғыз шешпей, мамандардан көмек сұрау.









