ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІ БЕЛАРУСЬ МАМАНДАРЫМЕН БІРЛЕСІП, 9 ОТА ЖАСАДЫ

    1 / 3

    2026 жылғы 5–9 қазан аралығында Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері Беларусь Республикасынан келген жетекші мамандармен бірлесіп, туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 9 күрделі ота жасады.

    Халықаралық ынтымақтастық аясында шетелдік мамандар кішкентай пациенттерге консультациялар беріп, отандық дәрігерлермен бірге операцияларға қатысты. Сонымен қатар, тәжірибе алмасу және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

    Беларусь делегациясының құрамында Минск қаласындағы Республикалық балалар хирургиясы ғылыми-практикалық орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Юрий Линник, №3 анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі Виктория Назарова, балалар кардиологы және кардиопатологиясы бар балаларды күту бойынша маманданған медициналық мейіргерлер болды.

    Бірлескен оталар жергілікті дәрігерлердің кәсіби тәжірибесін жетілдіруге, заманауи емдеу әдістерін меңгеруге және балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмекті өз өңірінде алу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.

    Сапар BI Group құрылыс компаниясының BI-JULDYZAI корпоративтік қайырымдылық қорының «Мүмкіндік» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты — күрделі оталар мен білікті мамандардың консультацияларын балаларға елімізде қолжетімді ету.

    Мұндай халықаралық ынтымақтастық балалар кардиохирургиясын дамытуға, медициналық көмектің сапасын арттыруға және отандық мамандардың тәжірибесін байытуға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары