«Заң мен тәртіп» акциясын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Есіл-Су» филиалында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің Петропавл қаласының прокуратурасымен бірлесіп ұйымдастыруымен семинар өткізілді.
Семинар барысында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарын сақтау, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері қаралды. Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, еңбек міндеттерін орындау кезінде белгіленген талаптарды сақтауға, жұмыскерлерді қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге және жұмыс берушінің еңбек процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне ерекше назар аударылды.
Еңбек инспекциясы департаментінің өкілі еңбек қатынастары саласындағы жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің негізгі құқықтары мен міндеттерін, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі заңнама талаптарын, сондай-ақ өндірістік тәуекелдерді уақтылы анықтау және жою қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар жұмыс орындарында қауіпсіздік қағидаларын сақтаудың және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды қабылдаудың маңыздылығы атап өтілді.
Петропавл қаласы прокуратурасының өкілі семинарға қатысушыларға заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қолданыстағы заңнама талаптарын бұзудың құқықтық салдары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың, құқық бұзушылықтардың алдын алудың және белгіленген нормалар мен қағидаларды сақтауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қарастырылған тақырыптар бойынша түсіндірмелер алды.









