Ұлттық ұланда мерзімді қызмет сарбаздары дрон басқаруды үйреніп жатыр

    1 / 6

    ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбаздары ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды меңгеріп жатыр. Жыл басынан бастап дрон операторларын даярлау құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасына енгізілді. Бұл сарбаздарға заманауи әскери-қолданбалы дағдыларды игеріп, жаңа мамандықты меңгеруге мүмкіндік береді.

    Әскери қызметшілердің даярлығы жас жауынгер курсынан басталады. Бұл кезеңде олар жалпыәскери жарғыларды зерделеп, саптық және атыс даярлығынан өтеді, әскери күн тәртібіне бейімделіп, бөлімше құрамында әрекет етуді үйренеді. Сонымен қатар дрондарды басқару бойынша да білім алады.

    Оқу сыныбында ұландықтар дрондардың құрылымын, оларды басқару ережелерін, техникалық қызмет көрсету тәртібін және тактикалық қолдану негіздерін меңгереді. Бағдарлама аясында командирден, FPV-дрон операторынан, оқ-дәрілер жөніндегі маманнан және барлау операторынан тұратын жауынгерлік есептоп даярланады.

    Оқыту кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен әр әскери қызметші өз мамандығы бойынша қажетті дағдыларды игереді, содан кейін топтық жаттығуларға қатысады. Бұл есептоп мүшелерінің өзара үйлесімді әрекет етуін пысықтап, міндеттерді бірлесе орындау дағдыларын қалыптастырады.

    Дайындықтан өткен сарбаздар патрульдік қызметке кірісіп, Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға және тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады.

    Заманауи технологиялар әскери істің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Сондықтан ұландықтардың мерзімді әскери қызмет кезінде жаңа технологиялар мен жұмыс тәсілдерін меңгеруі маңызды. Дрон операторларын даярлау әскери қызметшілердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, заман талабына сай дайындалуына және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін тиімді орындауына ықпал етеді.

    ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы" жаңалықтары