Түркістан облысының ТЖД қызметкерлері кәсіпорын жұмысшыларына өрттің алдын алу, қауіпсіз эвакуация және алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану тәртібін түсіндірді.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау қызметі мен Созақ ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің №11 және №26 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері «Катко» ЖШС кенішінде өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның мақсаты – өндірістік нысанда өрттің алдын алу, қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл дағдыларын жетілдіру және адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлеріне өрттің туындау себептері, электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және өндірістік аумақтағы өрттің алдын алу шаралары түсіндірілді.
Сонымен қатар өрт немесе түтін байқалған жағдайда дереу хабарлау, 101 немесе 112 нөмірлері арқылы өрт сөндіру және құтқару қызметтерін шақыру, оқиға орны туралы нақты ақпарат беру және кәсіпорын басшылығына хабарлау тәртібі ескертілді.
Қызметкерлерге эвакуация жоспарына сәйкес ғимараттан қауіпсіз шығу, адамдарды қауіпті аймақтан шығару және құтқару қызметтері келгенге дейін қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Бұдан бөлек, алғашқы өрт сөндіру құралдарын, оның ішінде өрт сөндіргіштерді дұрыс пайдалану тәртібі көрсетіліп, оларды қолдану кезіндегі қауіпсіздік шараларына назар аударылды. Өртті өз күшімен сөндіру адам өміріне қауіп төндірмеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс екені атап өтілді. Өрт таралған немесе адамдардың өміріне қауіп төнген жағдайда қауіпті аймақтан дереу шығу қажеттігі айтылды.
Іс-шара қорытындысында өндірістік нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайын болуы және дұрыс әрекет етуі адам өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – әрбір қызметкердің жауапкершілігі. Ал төтенше жағдай кезінде дұрыс әрі жедел әрекет ету қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.








