Ұлттық өнерді дамытуға және мәдени мұраны сақтауға елеулі үлес қосқан үш мәдениет және өнер өкілі «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл атақ өңір алдындағы ерекше еңбегі, көпжылдық жемісті қызметі және облыстың дамуына қосқан үлесі үшін беріледі. Тиісті кандидатураларды облыстық мәслихат депутаттары кезекті сессияда бекітті.
Құрметті атаққа ие болғандардың бірі – Зеренді ауданының тумасы Қапаш Құлышева. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, профессор әрі ұстаз. 1978 жылы Гаванада өткен XI Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалі аясындағы халықаралық байқауда Гран-при иеленген. Өнер иесі көп жылдан бері қазақ ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттап келеді. 2010 жылдан бастап Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ береді. Еңбегі «Құрмет» орденімен бағаланған.
Құрметті атаққа ақын, жазушы, драматург, айтыскер ақын, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов та ие болды. Степняк қаласының тумасы әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербеп, театр мен кино өнерінің дамуына үлес қосып келеді. 2006 жылы оның бастамасымен «Паң Нұрмағамбет» киностудиясы ашылды. Қазақстандағы бірден-бір манасшы ретінде танылған Баянғали Әлімжанов Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың қолынан «Достық» орденін алған.
Үшінші марапат иегері – Қазақстанның халық әртісі, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Жібек Бәгісова. Шығармашылық жолында сахнада сан алуан образдарды сомдап, Көкшетаудағы театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Актриса «Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, сондай-ақ көптеген алғыс хаттар мен құрмет грамоталарымен марапатталған.









