Еңбек министрлігі қызметтерінің 90%-дан астамы электронды форматта

    ·Жаңалықтар мұрағаты

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың әлеуметтік қолдауды алуын жеңілдету үшін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта көрсетілетін 49 мемлекеттік қызметтің 45-ін, яғни 91,8 пайызын электронды түрде алуға болады. Ал 28 қызметті проактивті түрде алу мүмкіндігі қарастырылған, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

    Қызмет түріне қарай азаматтар электронды үкімет порталын, Enbek.kz электрондық еңбек биржасын, eGov Mobile мобильді қосымшасын және екінші деңгейлі банктердің қосымшаларын пайдалана алады. Бұл сервистер арқылы мемлекеттік қызметтерге қашықтан өтініш беруге болады. Осылайша, мекемелерге барудың қажеті азаяды.

    Министрлік проактивті қызмет көрсетуді де дамытуда. Бұл жағдайда қызмет ұсыну бастамасын мемлекеттің өзі көтереді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тиісті қолдау шараларын алуға құқығы бар азаматтар анықталып, оларға осы қызметті алу мүмкіндігі туралы хабарлама жолданады.

    Бұл тәсіл азаматтардың қажетті мемлекеттік қызметті алу үдерісін бастауын жеңілдетеді. Азамат өзіне тиесілі қолдау шаралары туралы білу үшін мемлекеттік органға баруға немесе арнайы өтініш беруге міндетті емес. Ал қызметті рәсімдеу тәртібі оның түрі мен белгіленген талаптарына қарай айқындалады.

    Қазіргі уақытта 28 мемлекеттік қызметті проактивті форматта көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жалпы мемлекеттік қызметтер санының 57,1 пайызын құрайды.

    Қызметтерді цифрландырумен қатар оларды көрсету тәртібі де жетілдіріліп, мемлекеттік органдар арасында мәлімет алмасу дамып келеді. Ақпараттық жүйелердегі деректерді пайдалану азаматтардан растайтын құжаттарды қайта талап ету қажеттілігін төмендетеді.

    Министрлік алдағы кезеңде де цифрлық және проактивті қызметтер аясын кеңейтуге, оларды алу рәсімдерін оңтайландыруға және қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуға баса назар аударады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары